Салт атпен саяхатқа аттанған мажарлықтар Шығыс Қазақстанға жетті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Мажарлық дәрігер Иштван Бенце екі отандасымен бірігіп, салт атпен Ұлы Жібек жолының бойын шарлап, 5 жылдық экспедицияға аттанған болатын. Бұл жазда саяхатшылар түркі өркениеті қалыптасқан Шығыс Қазақстанға барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірдің ақпарат орталығына сілтеме жасап.

Ұлы Жібек жолы мыңдаған жылдар бойы Азия мен Еуропаны жалғаған алтын көпір болды. Қос құрлықтың мәдени және экономикалық арақатынасы бұл жолды мекен еткен халықтардың тіршілігіне ықпалын тигізбей қоймады.

Экспедицияның бірінші кезеңі 2016 жылы басталды. Ғұндар кезеңіндегі киімдерге оранған салт аттылар Мажарстаннан Әзірбайжанның астанасы - Бакуге дейін жеткен.

Осы жазда салт аттылар экспедицияны «Астанадан Шыңғысхан империясының ордасы - Қарақорымға дейін» ұранымен жалғастырды. Саяхатшылар Қазақстанның шығыс өңірлерін түгел қамтып, Ерейментау - Екібастұз - Павлодар - Семей - Абай ауданы - Жарма ауданы - Өскемен - Үлкен Нарын - Қатон-Қарағай бағыттарымен жүріп өтеді. Шығыс Қазақстанды аралау кезінде мажарлар Қоңыр-Әулие үңгірі, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі, Берел қорғандары, Ашық аспан астындағы «Шыны Саркофаг» сынды тарихи жерлерді аралады. Сондай-ақ, экспедиция мүшелері О. Бөкейдің музей-үйіне, А.Ережепұлы атындағы музей-мектебіне барып, Қаратай батырға арналған ескерткішті тамашалады. Әр ауданның тұрғындары жолаушыларға ұлттық астан дәм татқызып, қазақ халқының салт-дәстүрімен, ойындарымен таныстырып өтті. Осы уақыт ішінде мажарлық қонақтар Шығыс Қазақстанның табиғатына ерекше тәнті болды.

«Біз тек осы өңірдің өзінің әртүрлі табиғи аймақтарында болдық. Шөл және шөлейт жерлерді, қазақтың кең даласын аралап, тауларды тамашаладық. Табиғаттың сұлулығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», - деп бөлісті Иштван Бенце.

Экспедиция Қазақстаннан кейін Моңғолияда жалғасын табады. Сайхатшылардың айтуынша, осыншама ұзақ жолды өткеруде Қазақстанның қонақжай, мейірімді халқы үнемі көмектесіп тұратын көрінеді. 

Соңғы жаңалықтар