«Салоннан көлік алу үшін оның 30% алдын ала төлеу» - министр мәселені анықтамақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев елімізде шығарылатын автокөлікке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Былтыр 80 мыңнан аса көлік шығарсақ, биыл 11 айда 90 мыңнан астам көлік шығарылды. Негізі, жыл аяғына дейін 110 мың көлікке жетеді. Келесі жылы көрсеткішті 135 мыңға дейін көтерейін деп отырмыз. Алайда бұл көрсеткіш әлі де өсуі мүмкін. Өйткені халықтың арасында сұраныс өте жоғары. Мемлекет басшысы Алматыға жұмыс сапары аясында үш зауыттың (Changan, Chery, Haval) іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Онда 3 мықты компанияның зауыты ашылады деген жоспар бар. Зауыттар 1,5 жылдың ішінде салынады», - деді Қ. Өскенбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Сонымен қатар тілшілер министрден Hyundai мен Kia көліктерін алу үшін автосалонда кезекке тұру мәселесі жайында сұрақ қойды

«Кезекке тұрайын десең, оның 30%-ын алдын ала төлеу керек екенсің. Мұны автосалондар соңғы кездері өздері шығарып алған. Бұл талап қаншалықты заңды? Автосалондар сондай талап қоя ала ма?», - деп сұрады тілші.

Өз кезегінде Қ. Өскенбаев бұл мәселеге қатысты мемлекеттік органдар талқылау жүргізетінін айтты.

«Сіз айтып отырған мәселені мен де естідім. Қазір жаңа ноу-хау дейді ғой, автосалондар сондай өзгерістер енгізіп жатыр. Қазір біз мемлекеттік басқару органдармен мұның кімнің құзыретіне қарайтытыны ақылдасамыз. Кейін ресми түрде бұл мәселеге қатысты жауап береміз», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл қараша айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мультибрендті автомобиль зауытының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.


Соңғы жаңалықтар