Сall-орталық: СҚО-да шетел нөмірі бар көлік иелерінде қандай сұрақтар туындауда

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер шетел нөмірлері бар автокөлік жүргізушілеріне арналған Сall-орталық құрып, оған бір тәулікте 50-ге жуық қоңырау түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қарашаның 10-ы СҚО полицейлері шетел нөмірлері бар автокөліктерді пайдалану және тіркеу мәселелері бойынша Сall-орталық жұмысын іске қосты. Бір тәулік ішінде оған облыстың 50-ге жуық тұрғыны хабарласқан. Көлік жүргізушілері негізінен автокөліктерінің пайдалануға тыйым салынған көліктер тізімінде болуы, не болмауы туралы сұрап білген. Егер автокөліктің шетелдегі иесі тіркеуден шығарса, автомашина бұл тізімге кіреді. «Жол жүрісі ережесі туралы» ҚР Заңының 63-бабына сәйкес, тіркелмеген көлік құралын ел аумағында пайдалануға тыйым салынады. Тізімде барсыз деген жауап алғандар қазіргі эпиджағдайды ескеріп, қайта тіркеуге тұру үшін шетелге көліктерін шығаруға болатыны, не болмайтыны жайлы сұрастырды.

«Шекараны кесіп өту бойынша кеңес беруге полицейлердің уәкілеттілігі жоқ екендігін еске саламыз. Бұл мәселе бойынша ҰҚК СҚО бойынша департаментіне жүгінген жөн. Тұрғындардан түскен сауалдардың қатарында шетел нөмірлі көліктерге қатысты түрлі мәселе болды. Мәселен, облыс тұрғыны көлігінің шетелдегі иесі қайтыс болған жағдайда не істеуге болатынын сұрады. Оған мүліктің мұрагерін іздеп табу қажет деген жауап берілді. Сондай-ақ, шетел нөмірі бар автокөлікті айып тұрағынан қалай алуға болатынын сұрағандар бар. Айып тұрағынан алу үшін айыппұлды өтеп, құқық белгілейтін құжаттарын: жүргізуші куәлігін, автокөлікті тіркеу туралы куәлікті, яғни техпаспортты, сақтандыру полисін көрсетуі тиіс. Басты шарт – көлік ұрланғандар санатында болмауы керек», - дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.

СҚО-дағы Call-орталық сағат 9.00-ден 23.00-ге дейін 8 7152 61-25-42 нөмірінде жұмыс істейді.


Соңғы жаңалықтар