«Салиқалы ұрпақ» қоры мұқтаж жандарға үй сыйлады

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, сондай-ақ «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры өзінің 5 жылдық мерей тойын атап өту аясында 10 мұқтаж отбасына үй мен пәтерлер сыйлады. Болат Назарбаев құрылтайшысы болып табылатын қордың атынан кілтті табыстауға «Салиқалы ұрпақ» қор директоры Қасым Қасабеков, «Asar-ume» қорының президенті Асхат Нурмашев, Қарасай ауданының әкімі Далабаев Жандарбек, қоғам қайраткері Бабаев Шаверди және тағы да басқа танымал блогерлер қатысты.

«Біздің «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорына 5 жыл болып отыр. Осыдан бір 5 жыл бұрын Болат Әбішұлы Назарбаев ағамыз осы қорды құрған еді. Ниеті біздің ата-бабамыз салып кеткен дара жол - қайырымдылық шарасында елімізге әлеуметтік, саяси, діни, рухани салада қызмет ету. Содан бері талай іс-шаралар жүргізілді, әлі де талай іс-шаралар жүргізіледі», - деді «Салиқалы ұрпақ» қорының директоры Қасым Қасабеков.

Баспаналы болу бақыты бұйырғандар арасында көпбалалы және мұқтаж отбасылар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар. Қордан пәтер алған көп балалы ана Армангүл Керімбаева өз баспанасын көптен бері армандағанын айтты.

«Мені осы хабарды естігеннен бері өзім бір сондай толғаныста болдым. Осындай жомарт жандарымыз көп болсын. Болат Назарбаев ағамыздың денсаулығы зор болсын, екі дүниенің бақытын нәсіп етсін ол кісіге. Біз сияқты шынайы мұқтаж адамдарға баспана беріп отырған көпшілік жомарт жандар, сіздерге Алла разы болсын. Өзім шынымды айтсам толқып тұрмын, жолдасым өмірден өткеніне алты жыл болып еді, мына қыздармен 6-7 жыл болды квартирада тұрып жатқанымызға»,- дейді ол.

Сонымен қатар, Б.Назарбаев қорынан 4 қайырымдылық ұйымы автокөлік, шағын автобустар алып, түрлі номинациялар бойынша мүсіншелермен марапатталды. Олардың арасында «Сығанақ» паралимпиадалық садақшылар қоғамдық бірлестігі, БЦП бар балаларға көмек көрсететін «Арман Алматы» қоры, «DAUA Charity» және «Қамқорлық» қайырымдылық қоры бар. Ұйымдастырушылар мүгедектігі бар адамдардың, БЦП бар балалардың және т. б. қажеттіліктерін ескере отырып, жайлы көлік құралдарын таңдады.

Салтанатты рәсімде концерттік бағдарламалар болды, оның аясында «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Алатау серілері» тобы, «Сәт» тобының солисі және «Салиқалы ұрпақ» қоры жанында жұмыс істейтін «Береке үйі» тәрбиеленушілері өнер көрсетті.

Айта кетейік, «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры 2016 жылы меценат Болат Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Қор жұмысы аз қамтылған отбасыларды, мүгедектер мен жетімдерді қолдауға бағытталған. Қор қаржылық қолдау, азық-түлікпен, медициналық құралдармен және т.б. көмек көрсету бойынша бірқатар жобаларды іске асыруда.


Соңғы жаңалықтар