Саламатты ұлт қана бәсекелестікке қабілетті болмақ - Апталық шолу

None
None
АСТАНА. 12 шілде. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Н. Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясын жариялаған былтырғы Жолдауында денешынықтыру мен спорт мәселесі мемлекеттің айрықша назарында болуы тиістігін қадап айтқан еді.

Президент бұл жайында Жолдауда былай деген еді: «Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады. Алайда елде барлығы үшін қолжетімді спорт нысандары, спорт құрал-жабдықтары жетіспейді. Осыған байланысты Үкімет және жергілікті органдар дене шынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту және типтік жобадағы денешынықтыру-сауықтыру нысандары, соның ішінде, аула нысандары құрылысы бойынша шаралар қабылдауы қажет». Осыған орай, Елбасы Үкіметке әлемдік озық тәжірибені есепке ала отырып, Бұқаралық спорт пен жоғары жетістікке жеткізетін спортты дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Бұдан бөлек, Елбасы Қазақстанда спортты барынша дамытып, оның бұқаралық түрімен айналысатындардың санын 2020 жылға қарай 30 пайызға жеткізуді жүктеген еді.

Жалпы, Қазақстанда Президенттің қолдауы арқасында спорт және дене шынықтыру саласы қарқынды дамып отыр деуге келеді. Бұған еліміздің ұлттық құрама командасының Лондонда өткен жазғы Олимпиада ойындарындағы зор жетістігі дәлел бола алады. Онда Қазақстан 205 ұлттық құрама арасынан 12-ші орынға шығып, 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль иеленген еді.

Осы аптада өткен селекторлық режімдегі Үкімет отырысында Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер ұштастырыла отырып, бұқаралық спортты дамыту мәселелері қаралды, спорт саласының түйткілді жайттары сараланды. Тоқтала кететін жайт, соңғы жылдары Қазақстан спорттық шаралар өткізумен, оның ішінде халықаралық деңгейдегі додалар ұйымдастыруымен ерекшеленіп келе жатқан ел. Бұл бір жағынан, біздің еліміздің ғана емес, спортшыларымыздың да әлемдік деңгейінің артып келе жатқанын білдірсе, екінші жағымды тұсы осындай ілкімді дүниелермен-ақ қалың бұқараның дене шынықтыру ісіне назарын аударуға, спортқа деген сүйіспеншілігін оятуға болады. Еліміздің өңірлерінде бұқаралық спортты дамытуға арналған ғимарат-кешендермен қатар сол кешендерде ұйымдастырылатын шаралар да маңызды. Мәліметтерге сүйенсек, 2011 жылы 17 мың осындай спорттық шара ұйымдастырылса, 2012 жылы 3,6 млн.-нан астам адам қатысқан 18 мыңдай шара өткізіліпті. Ал елімізде жалпы спорт және дене шынықтырумен айналысатын адамдардың саны 21,6 пайызды құраған.

Үкімет отырысы барысында аталмыш тақырып бойынша баяндаған Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапановтың айтуынша, олимпиада­лық емес спорт түрлері де ырғақты дамып келеді. Қазақстанның спортшылары 2012 жылы спорттың осынау түрлері бойынша әртүрлі дәрежелі 316 медаль иеленген. Сондай-ақ, спорттың ұлттық түрлерінің де қарқыны нашар деуге келмейді. Ұлттық спорт түрінен 2012 жылдың қорытындысы бойынша ел спортшылары халықаралық және республикалық жарыстарда барлығы 226 медальді иеленіпті. Бұл жақсы көрсеткіш. Дегенмен, бұқараны әлі де баули түсудің қажеттігі айқын. Онда да балғындарды жастайынан спортқа баулудың өзектілігінде еш шүбә жоқ. Ендеше, мектептегі спорт мәселесі аса назар аударуды қажет ететіні айтпаса да түсінікті.

Ал мектептер жағдайына келсек, спорт секцияларымен қам­тылған оқушылардың үлесі жалпы оқушылар санының 27,7 пайызын немесе 687 мыңнан астам баланы құрайды. Әрине, бұл жоғары көрсеткіш емес. Бұған қоса, өткен жылдың соңында Білім және ғылым министрлігі бекіткен типтік оқу жоспарына сәйкес мектептерде денешынықтыру сабақтарының 2 сағатқа дейін қысқаруы да мәселені күрделендіріп жіберген. Денешынықтыру мұғалімдерінің жалақысы да мардымсыз екені айтылды. Мәселен, Е.Қожағапановтың айтуынша, мерзімнен тыс са­бақтар үшін базалық қызметтік еңбекақының 45 пайызы мөл­шеріндегі 17 697 теңгені құрайтын қарастырылған үстеме ақы білім беру мекемелерінің тек жартысында ғана төленеді.

Яғни, мектептегі спорт мәселесінде проблемалар баршылық. Ең алдымен бұндай проблема оқушылар арасында бұқаралық спортты дамыту әлеуетін айтарлықтай төмендетеді, денешынықтыру мұғалімдерін сабақтан тыс шараларды ұйым­дас­тыруға ынталандырмайды.

Талқылау барысында айтылған түйткілді мәселені шешуді тапсырған Үкімет басшысы Серік Ахметов, жұмысты қоғам­дық денсаулық сақтауды дамы­туға бағыттап, саламатты өмір салтын қалыптастырып, адамдарды сол құндылықта тәрбиелеуге шо­ғырландыру қажеттігін айтты. «Бұған барлық мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары және жұмыс берушілер белсенді түрде қатысуы керек. Мемлекет басшысы бұқаралық спорт және жоғарғы кәсіби спорттар кешенді жүйелі көзқарасты талап ететінін әрдайым баса айтады. Яғни, Үкімет өз жұмысында осы факторларды есепке алуы қажет», - деп атап көрсетті Үкімет басшысы.

Бұдан бөлек, Премьер-Министр «Спорт және денешынықтыру туралы» заң жобасын жаңа редакцияда әзірлеуді, бұқаралық спортты дамыту бағдарламасын дайындап, оны үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіне дейін Үкіметке ұсыныс ретінде енгізуді жүктеді.

Ең басты мәселе, Серік Ахметов Білім және ғылым министр­лі­гіне жаңа оқу жылына дейін жалпы білім беретін мектептерде 3 сағаттан кем болмайтын міндетті дене тәрбиесі сабақтарын қалпына келтіруді жүктеді. Шындығында, бұқаралық спортты дамытуда бұндай қадамның маңызы зор. «Мектептерде әлжуаз балалар үшін сауықтыру дене тәрбиесі топтарын қалпына келтіру немесе жаңадан ашу шараларын қабылдау керек. Сонымен бірге, мектептерді саламатты өмір салты бағдарламасы бойынша оқу уақытынан тыс дәрістер өткізгені үшін қосымша ақы алатын дене тәрбиесі ұстаздарымен 100 пайыз қамтуды тапсырамын», - деді С. Ахметов.

Аймақтар арасындағы тиімді интеграция тұтастай ел дамуының қарқынын үдете түседі

Елбасының аймақтардың тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндетіне де айрықша мән бергені белгілі. Дәл осы мақсатта елімізде Президент жарлығымен Өңірлік даму министрлігі құрылған болатын. Осы аптаның жұмасында Өскемен қаласында ҚР Үкіметінің басшысы Серік Ахметовтің төрағалығымен Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарының өңіраралық интеграциялық форумы өтті. Форумға орталық және жергілікті билік органдарының, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылық кәсіпорындарының жетекшілері, кәсіпкерлік ортаның, сарапшылар қоғамының өкілдері қатысқан болатын. Жиынды ашып сөз сөйлеген Премьер-Министр Серік Ахметов Елбасының «Қазақстан 2050» Стратегиясында жүктеген өңірлерді интеграциялау міндетін орындау барысында Форумның маңыздылығын атап өтті. «Қазақстанның Кедендік Одақ аясында және алдағы ДСҰ-ға кіруі жағдайында аймақтық интеграция мәселелері алдыңғы қатарға шығады. Сондықтан да, аймақтардың белсенді өзара іс-қимылының бастау алаңын өзара тиімді шарттар мен уағдаластықтарды жасауға жаңа мүмкіндіктер ретінде қарастыру керек», - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы қазіргі таңда аймақтар арасындағы қарым-қатынастардың жаңа деңгейіне, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қолайлы шешімдер іздеуге бастама берілгенін жеткізді. Ал мұндай форумдар орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, мемлекет және бизнес арасында өзара түсіністікті арттыруға, іскери байланыстар мен аймақаралық кооперацияны дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, С.Ахметов форумға қатысушы-облыстар ынтымақтастығының болашағына қатысты олардың өзара іс-қимылы үшін қуатты әлеует бар екенін атап айтты. «Сіздердің аймақтарыңыз ел аумағының шамамен 40%-ын алып жатыр. Мұнда республика тұрғындарының үштен бір бөлігі тұрып жатыр, облыстар республикалық ішкі жалпы өнімнің 19%-ын береді», - деп жалғастырды ол.

Сонымен бірге Үкімет басшысы «аймақтардың әлеуетін жүзеге асыру мен мемлекет тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік органдардың, бизнестің, даму институттарының, инвесторлардың келісілген және үйлестірілген әрекеттері қажет» екендігін айқындады. Премьер-Министрдің айтуынша, аймақтық байланыстың тиімділігін дамыту, өнеркәсіптік және кластерлік кооперация, ірі инфрақұрылымдық, оның ішінде бюджеттік, жобаларды жүзеге асыру, әлеуметтік кәсіпкерлік коорпорация, туризмді дамыту, кадрмен қамтамасыз ету салаларында жаңа мүмкіндіктер ашады.

Сондықтан да, аймақтармен қарым-қатынас орнату үшін тиісті қадамдарды зерделеп, соны дамытқан маңызды. Осыған орай, Үкімет басшысы Өңірлік даму министрлігіне аймақаралық ынтымақтастық бағытындағы әлемдік тәжірибені егжей-тегжейлі үйреніп, соған сәйкес зерттеулер жүргізіп және бұл үдеріске еліміздің басқа аймақтарын тартуды тапсырды. Бұдан бөлек, Өңірлік даму министрлігі жылдың соңында барлық облыс, мемлекеттік органдар мен сарапшылық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен тұңғыш Аймақтық форум өткізуге кең ауқымды дайындықты бастай беретін болады. «Біздің мақсатымыз - елдің тұрақтылығы мен гүлденуіне қатысты Елбасы тапсырмасын орындау», - деп сөзін қорытындылады Премьер-Министр.

Форум шеңберінде Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды және Павлодар облыстарының әкімдері арасында аймақаралық байланыстарды кеңейту және өзара іс-қимыл туралы Негіздемелік келісімге қол қойылды. Форум қорытындысы бойынша төрт облыстың әкімдері 20 миллиард теңгеге бас-аяғы 40 келісім-шарт жасасты.

Күллі мұсылмандар үшін Рамазан айы басталды

Осы аптаның сейсенбісі, 9-шілде күні күллі ислам әлемі үшін қасиетті Рамазан айы және мұсылмандардың бес парызының бірі - Ораза басталды (2013 жылғы шілденің 9-ы - 1434 хижра жылының 1-ші рамазаны).

Рамазан - мұсылман күнтізбесінің тоғызыншы айы. Бұл айда мұсылман қауымы ораза тұтады, оны парсы тілінде «Рузе», түрік тілінде - «ураза», ал қазақ тілінде «ораза» деп атайды. Ораза тұтуды 624 жылы Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) белгілеп кеткен. «Ораза» деген сөздің мағынасы «алыстау» деген ұғымды білдіреді. Шариғат бойынша ораза тұту дегеніміз - таң сәріден күн батқанға дейін тамақ пен судан, басқа да тән ләззатынан еркін түрде бас тарту. Ораза - мұсылманға берілген бес парыздың үшіншісі. Ораза тұту Қасиетті Құран Кәрімнің аяттарында жазылған. Мұсылмандар осы айда ораза тұтады, тарауық намазын оқиды, Құран оқуларына қатысады, пітір садақа береді. Сонымен олар өздерінің жүректеріне имандылық ұялатып, рухани тазаланады, өйткені дәл осы айда адамдарға Қасиетті Құран Кәрімнің бірінші аяттары жіберілген болатын.

Биылғы жылғы қасиетті Рамазан айы әлем бойынша шілденің 9-ы күні басталып, жиырма тоғыз күнге жалғасады. Оның соңы мұсылман әлемінің мейрамы Ораза айтпен ұласады.

Соңғы жаңалықтар