«Саламатты Қазақстан» жобасы аясында Шар станциясының тұрғындары үшін қайырымдылық концерті өтеді

None
Фото: ptrk.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Абай облысы Жарма ауданының Шар станциясына келді. Бүгін бұл станцияда эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, «Саламатты Қазақстан» әлеуметтік жобасы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен іске асырылып жатыр.

«Jibek joly» телеарнасы «Саламатты Қазақстан» әлеуметтік жобасын ақпараттық қолдау шеңберінде ұйымдастырған концерттік бағдарлама «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Әлеуметтік жобалар қорымен ынтымақтастықта өтеді.

Қайырымдылық концертіне танымал әншілер Тамара Асар мен Маржан Арапбаева қатысады. Кешті белгілі журналист Жансерік Бейсеев жүргізеді. Сондай-ақ Абай облысы Жарма ауданының мәдени ұжымы өнер көрсетеді.

Тұрғындар әртістердің өнерін тамашалап қана қоймай, «Саламатты Қазақстан» жобасы аясында ұсынылатын қолжетімді қызметтер туралы ақпарат ала алады.

Әсіресе, терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, маммолог, педиатр және басқа да біліктілігі жоғары дәрігерлерге тегін тексерілу және емделу мүмкіндігі туралы қажетті мәлімет алуға болады.

Биыл ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен алғаш рет азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қолдау, зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер және атаулы әлеуметтік көмек алу құқығын қорғау мәселелері бойынша тегін консультациялар өтіп жатыр. Сонымен қатар шалғай аймақтардың тұрғындары тегін медиативті және заңгерлік көмек ала алады.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызында ультрадыбыстық, флюорографиялық аппарат, шағын операциялық бөлме, зертхананы және интернетке сымсыз қол жеткізуге арналған байланыс құралдарын қоса алғанда, заманауи диагностикалық және емдік жабдықтар бар.

Қайырымдылық концерті Шар станциясының теміржол вокзалында сағат 18:00-де басталады. Бұл мерекені «Jibek joly» телеарнасы да көрсетеді.

Еске сала кетейік, 2023 жылдың 26 сәуірінде Алматы-2 станциясынан шыққан «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 6 желтоқсанға дейін Қазақстанның 17 облысындағы 121 станцияға барады.

Медициналық пойыздың қозғалыс кестесі шалғайдағы станцияларда медициналық пункттердің жоқтығын ескере отырып және азаматтар мен мемлекеттік органдардың өтініштері негізінде жасалған.

«Саламатты Қазақстан» әлеуметтік жобасының басты ақпараттық серіктесі – Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені.


Соңғы жаңалықтар