«Саламатты Қазақстан» пойызының дәрігерлері Алтай ауданының халқын қабылдап жатыр – фоторепортаж

None
АЛТАЙ. ҚазАқпарат – «Саламатты Қазақстан» пойызы Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай бекетіне кеше түнде келген. Бүгін міне таңертеңнен жергілікті тұрғындарды қабылдап, медициналық көмек көрсетуді бастап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алтай ауданының түкпір-түкпіріндегі елді мекендерден келген жұрт таңғы 8-ден пойыз маңына топтасты. Ақ халаттыларды олар шашумен қарсы алып, наннан дәм ауыз тигізді.


Аудан әкімдігі көптен күткен қонақтарға арнап кішігірім концерттік бағдарлама ұйымдастырыпты. Әуелетіп ән шырқалып, жиналғандардың көңілі бір серпіліп қалды.


«Ауылдарды аралап, озық құрылғылармен халықты емдейтін медициналық пойызды бәрі күтетіндігі рас. Жалпы соңғы жылдары елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға көп көңіл бөлініп жатыр. Себебі дені сау ұлт қана мемлекет болашағының кепілі бола алады. Бүгін сіздерді Алтай жерінде көргеніме шын жүректен қуаныштымын! Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», - деді Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова қарсы алу сөзінде.


Содан соң «Саламатты Қазақстан» пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаева алтайлықтардың қандай дәрігерлерге қарала алатындықтарын түсіндіріп берді.

«Пойызда терапевт, стоматолог, педиатр, офтальмолог, хирург, уролог, лор, маммолог сынды мамандар бар. Одан кейін түскен кейін заңгер мен медиатор келеді. Олардан да өздеріңізге қажетті кеңес ала аласыздар. Еш ақысыз. Тек жеке куәліктеріңіз болса жеткілікті», - деді ол.

Сағат 09.00 шамасында 50-ге жуық адам рельстегі емханаға кезек-кезек бас сұқты. Түске дейін де және кейін де тағы да жұрттың ағылатыны анық. Пойыз бұл станцияда екі күн болады.

«Алтай ауданының табиғаты тамаша екен. Биік тауларға, қалың ағашқа қарап көз тоймайды. Өзім негізінен Астана қаласында тұрамын. Осы пойызда жұмыс істегеннің арқасында Қазақстанның талай жерін аралап шықтық. Алтай халқы өте сабырлы, мәдениетті екен. Кезекте тұрғанда да әзірге ешқандай дау-дамай болған жоқ», - деп медициналық пойыздың менеджері Арыстан Қуандықов ҚазАқпарат тілшісіне өз әсерін бөлісті.

8 вагоннан тұратын пойызда зертхана, кішігірім ота бөлмесі бар. Биохимиялық талдаулар жасап, ішкі ағзаларды ультрадыбыстық зерттеуден өтуге де мүмкіндік жасалған. Мұнда барлығы 12 дәрігер жұмыс істейді. Ақ халаттылардың басым көбі Астана қаласынан.


«Саламатты Қазақстан» пойызы Шығыс Қазақстан және Абай облыстарын 12 маусымға дейін аралайды.


Айта кетейік, әлеуметтік жобаның негізгі ақпараттық серіктесі - ҚР Президентінің Телерадиокешені.


Соңғы жаңалықтар