«Саламатты Қазақстан» пойызы тоқтаған әр бекетке халық мол жиналуда – медициналық пойыздың бас дәрігері

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Алматыдан шығып Қазақстанның әр түкпірін аралайтын «Саламатты Қазақстан» пойызы 23 мамырдан бері Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының бекеттерінде аялдап жүр. Білікті медициналық мамандар топтастырылған рельстегі емхана 1 маусым күні Алтай ауданы Зубовск елді мекенінде орналасқан бекетте тоқтап, халықты таңертеңнен кешке дейін қабылдады. Сол жерге арнайы барған ҚазАқпарат тілшісі медициналық пойыздың бас дәрігері Айнұр Егінбаевамен сұхбат құрған еді. Оның айтуынша, ақ халаттылар 6 желтоқсанға дейін облыс, аудан орталықтарынан шалғай жерде орналасқан 121 станцияға барады.

- «Медициналық пойыз» жобасына қатысып, ауыл-аймақты аралап жүргеніңізге қанша болды?

- 2019 жылдан бері осы жоба бойынша жұмыс істеп келемін. Биылғы сапарымыз 26 сәуірде «Алматы 2» бекетінен бастау алды. Осыған дейін Алматы, Жетісу, Абай облыстарын жүріп өттік. Енді Шығыс Қазақстан жеріне жол түсіп отыр. Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен және ақпараттық серіктес - Президент телерадиокешенімен бірге жүзеге асуда.

Бұл қайырымдылық жоба деуге болады. Себебі еліміздің әр өңірін аралап, алыстағы халыққа еш ақысыз медициналық көмек көрсетілуде. Демалыссыз жұмыс істейміз. Сенбі-жексенбі күндері де тұрғындарды қабылдай береміз. Пойыз әр стансада 1-2 күн тұрады. Егер үлкен бекет болса екі, кіші болса 1 күн аялдаймыз. Жоспар бойынша 6 желтоқсанға дейін облыс, аудан орталықтарынан шалғай жерде орналасқан 121 станцияға барамыз.

- Пойызда қандай медициналық мамандар бар?

- Невропатолог, окулист, стоматолог, уролог, хирург, акушер-гинеколог, жалпы тәжірибелік дәрігер, терапевт, педиатр, офтальмолог, лор, маммолог сынды мамандар бар. Ұзын саны 12 дәрігер. Бұдан бөлек, осы жылдан бастап қатарымызға заңгер мен медиатор қосылды. Халық олардың да кеңесін тегін ала алады. Дәрігерлердің 80 пайызы Астана қаласынан, қалғандары Алматыдан жиналған. Олар сегіз ай бойы осы пойызда үзіліссіз еңбек етеді. Былтыр «Жәрдем» пойызымен ауылдардарды аралаған болатынбыз. Сол кезде Оңтүстік пен Батыс жақты жүріп өттік. Өзім осы 4 жылға жуық тәжірибемде Шығыс Қазақстан облысына алғаш рет табан тіреп отырмын.

Пойызда 8 вагон бар. Оның төртеуінде медициналық жабдықтар болса, біреуінде сол жабдықтарды тоқпен қамтамасыз ететін дизель тұр. Бір вагонда ақ халаттылар, екіншісінде жолсеріктер жатады, енді бір вагонда бәріміз ас-су ішетін ресторан орналасқан.

- Медициналық жабдықтарды атап өтсеңіз?

- Пойыз заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтарымен, УДЗ-мен, флюорографиялық аппаратпен, шағын ота зертханасымен, интернетке сымсыз қосылуға мүмкіндік беретін байланыс құралымен жабдықталған.

- Шығыс Қазақстан облысына бірінш і рет келдім деп қалдыңыз. Суы да нуы да мол, таулары аспанмен астасқан аймақтан қандай әсер алып жатырсыз?

- Табиғатына сөз жоқ. Көз тоймайды екен. Қарай бергің келеді. Бұрын басқа өңірлерге барғанда жол бойы ұйықтап келсек, қазір тіпті терезеден бас алмаймыз. Пердені ашып тастап, отырғандар отырып, кейбіреулер екі аяққа тік тұрып табиғатты тамашалап келе жатырмыз. Өлең қосып қоямыз да терезеге телміріп қаламыз. Нағыз пейзаж.

Халқы да жақсы. Өте мәдениетті, сыпайы, сауатты. Кезекте тұрғандар бір-бірін сыйлайды, біреуді аттап кеткендерді көрмедім. Бұл біздің жұмысымызды да жеңілдетеді. Себебі вагон ішіндегі тар жерде дау-дамай шықса, жұрт бірін-бірі итеріп жатса, онда оларды тез-тез қабылдау мүмкін емес.

- Пойызға бас сұғып жатқан халық көп пе?

- Әр бекетте халық мол жиналып жатыр. Бірде-бір рет адам аз болған емес. Ең көбі бір күнде 600-ге жуық адам келсе, ең азы 100 шамасында болды. Әрбір адамға толыққанды көмектесуге тырысамыз. Бізге тек жеке куәлігімен келсе болғаны. Жан-жақты тексеріп, ем тағайындап береміз.

- Азаматтар көбіне қай дәрігерге қаралып жатыр?

- Әр жерде әрқалай. Мысалы, осыған дейін тоқтаған Таусамалы бекетінде флюрографиядан өткендер көп болды. Кей жерде окулистке сұраныс жоғары.

- Сіздерге келген ең жас және ең жасамыс пациент?

- Анасы бір айлық баласын алып келді. Профилактикалық мақсатта қаралып шықты. Нәрестенің денсаулығынан ешқандай кінәрат анықталған жоқ. Ал ең егдесі 91 жаста болды. Бір айта кетерлігі, Шығыс Қазақстанда ұзақ жасап келе жатқан қарттарымыз көп екен. Оны әр бекеттен байқап келеміз. 80-90 жас аралығындағы зейнеткерлер пойызымызға жиі келуде.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар