«Саламатты Қазақстан» пойызы Алтай бекетіне тоқтады

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай бекетіне тоқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін сағат 22.15 шамасында жоғары білікті медициналық мамандар топтастырылған «Саламатты Қазақстан» пойызы Алтай ауданы Быково елді мекенінде орналасқан Алтай бекетіне келіп тоқтады. ҚазАқпарат тілшісі бекетке барып, оларды арнайы қарсы алды.

«Жақсы жеттік. Таусамалы бекетінен келе жатырмыз. Онда адам өте көп болды. Тіпті флюрографияның өзінен 600-ден астам адам өтті. Жалпы медициналық пойыз 26 сәуірде Алматыдан жолға шыққан. Шығыс Қазақстан және Абай облыстарын 23 мамыр мен 12 маусым аралығында аралаймыз», - дейді медициналық пойыздың менеджері Арыстан Қуандықов.

Пойыз ертеңнен бастап дәрігерлердің көмегіне жүгінгісі келген Алтай ауданының халқын қабылдайды. Ақ халаттылар екі күн бойы таңғы сағат 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істейді. 13.00-14.00 аралығында түскі үзіліс.

Терапевт, стоматолог, педиатр, офтальмолог, хирург, уролог, лор, маммолог сынды білікті мамандар тұрғындарды еш ақысыз қарайды. Пойыз заманауи құрылғылармен жабдықталған. Сондай-ақ шағын ота бөлмесі де бар.

Соңғы жаңалықтар