«Саламатты Қазақстан» медпойызы Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында жұмысын бастады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылдың 23 мамырынан 12 маусымына дейін «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Шығыс Қазақстан мен Абай облысының 11 шалғай стансасын аралап өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігерлер алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіп, кеңес берулер мен тексерулер жүргізеді. Қажет болған жағдайда шағын операциялар жасалып, кейбір нақты бағыттағы мамандары мен емханалары жоқ алыс ауыл тұрғындарына жоспарлы емдеуге жатқызуға жолдама береді. Науқастарды қабылдау сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін қабылданады. Түскі асқа үзіліс сағат 13:00-ден 14.00-ге дейін болады.

Медициналық пойыз бүгін таңертеңгі 07:16-да Жарма стансасына аялдады. Алдағы уақытта Ертіс зауыты, Тишинская, Ермаковка, Таусамалы, 31 мамыр Алтай, Күмістау, Шар, Суықбұлақ, Белағаш және Дегелең бекеттерінде болады.

Пойыз бағдары медициналық кабинеттері жоқ өңірлерді қамтиды. Демек, биыл шалғай стансалардың тұрғындары тегін тексеруден өтіп, терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, маммолог, педиатр сынды біліктілігі жоғары мамандардан ем алады. Пойыз заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтарымен, УДЗ-мен, флюорографиялық аппаратпен, шағын ота зертханасымен, интернетке сымсыз қосылуға мүмкіндік беретін байланыс құралымен жабдықталған.

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен пойыз жұмысына алғаш рет азаматтарға тиімді психологиялық, құқықтық және медиативтік (татуластыру) көмек көрсететін кәсіби психолог, медиатор және заңгер тартылған. Бұдан басқа, азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қолдау алу құқықтарын қорғау, зейнетақылар, жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер және атаулы әлеуметтік көмек алу мәселелері бойынша тегін кеңестер қарастырылған.

Бұған дейін, 2023 жылғы 10-22 мамыр аралығында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Жетісу облысының алты шалғай бекетін жүріп өткен болатын. Денсаулық керуені қызметкерлері Көксу, Қалпе, Лепсі, Ақтоғай, Бескөл және Достық стансаларының тұрғындарын қарады. Тіпті, Достық стансасында дәрігерлерге Беларусьтан келген жүк көлігінің жүргізушісі жүгінді.

«Маған жергілікті ауруханада осы пойызға қаралуға кеңес берілді. Өзім де сөйттім. Дәрігерлер мені өте тез тексеріп, қол ұшын созды. Осылайша ауырғаным басылып, сапарымды әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік туды. Бұл сіздердің елдердегі халыққа әлеуметтік қолдау көрсетудің мәні зор, жақсы белгісі. Осындай қонақжайлылық пен қамқорлықтарыңыз үшін шексіз алғысымды білдіремін. Шетелдік ретінде өзге елде қиын сәтте жалғыз қалмадым», - деді Максим Лукьянченко.

Жалпы, консультативтік-диагностикалық пойыздың дәрігерлері 3695 тұрғынды, оның ішінде 1648 баланы қабылдады. Дәрігерлік қараулардың жалпы саны - 10628. 86 шағын хирургиялық операция жасалды.

«Бұл мүмкіндік үшін біздің ризашылығымызды сөзбен жеткізу тіпті мүмкін емес. Тегін тексеріліп, емделдік. Біз бүкіл отбасымызбен медпойыздың келуін асыға күттік. Барлық мамандарға қаралып, қажетті тағайындаулар алдық. Мысалы, менің өкпем тексеріліп, емделудің толық курсы тағайындалды», - деді Лепсі стансасының тұрғыны Болатбек.

Пойыздың әр маманы көптеген науқасты тексерді: жалпы тәжірибе дәрігері, терапевт, педиатр - 594 адам; хирург – 1 629; уролог – 1 112; невропатолог – 943; офтальмолог – 1 878; ЛОР – 1 398; акушер-гинеколог – 270; стоматолог – 1 142; ЭКГ - 713; УДЗ - 742; ФЛГ – 74 және психолог - 47 адам.

Естеріңізге сала кетейік, жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен және ақпараттық серіктес - Jibek Joly телеарнасымен бірлесіп жүзеге асыруда.

Әлеуметтік жобалар қорының мәліметі бойынша, пойызда зерттеуге қажетті барлық жабдық бар. Медициналық пойыз бүкіл Қазақстанды аралап, шалғай аудандардағы 121 стансаны қамтиды.


Соңғы жаңалықтар