Салах Ресейге қарсы негізгі құрамда алаңға шығады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 2018 жылғы Әлем чемпионатының «А» тобындағы кезекті ойыны «Санкт-Петербург» стадионында өтеді. Мұнда алаң иелері - Ресей мен Египет құрамалары күш сынасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлем чемпионаты басталмай тұрып, жұртшылықтың назары Мысыр құрамасына ауды. Себебі, команданың басты жұлдызы Мохамед Салах Чемпиондар лигасы финалында жарақат алып, египеттік жанкүйерлердің көңілін күпті еткен-ді. Дегенмен, дәрігерлер «Ливерпуль» шабуылшысының Ресейге қарсы алаңға шығатынын айтты. Бұған қоса Салахтың өзі Instagram парақшасында бүгінгі кездесуге дайын екенін жеткізді.

Сонымен, Египет құрамасының қайта жанданған шағы 2015 жылмен сәйкес келеді. Команда тізгінін білікті бапкер Эктор Купер ұстады. Олар бірнеше жолдастық кездесулерде жеңіске жетіп, ФИФА рейтингіндегі жағдайын жақсартты. Ал 2017 жылы Египет Африка ұлттар кубогының чемпионы атанды. Қазіргі құрамы бірнеше әлеуетті ойыншылардан жасақталған. Әлгі Салахты айтпағанның өзінде, ағылшын лигасында доп тебетін қорғаушы Ахмед Хегази бар. Лондонның «Арсеналында» негізгі құрамда ойнайтын Мохамед Эль-Нени туралы әңгіме алабөтен. Ол Әлем чемипонаты алдында өз командасымен келісім-шартын ұзартты. Шабуыл өтінде Мохамед Салахқа жәрдемдесетін Марван Мохсен де нағыз бабында.

Египет ұлттық құрама командасы Әлем чемпионатына осымен үшінші мәрте қатысады. Осыған дейінгі додаларда олар топтық кезеңдерден әрі аса алмай қалған-тын. Олай болса, Ресейге қарсы өтетін матч аргентиналық Эктор Купер мен оның жігіттеріне нағыз сын болғалы тұр.

Ресей үшін бұл кездесудің маңызы зор. Өйткені, Станислав Черчесов шәкірттері мысырлықтарды ұтса, топтан шығу мәселесі оңай шешілмек. Еске салсақ, бірінші ойында олар Сауд Арабиясынан 5:0 есебімен басым түсті. 

Сол матчта жарақат алған ресейлік Алан Дзагоев бүгін «Санкт-Петербург» стадионында отандастарына көмектесе алмайды. Алдын ала болжамға сүйенсек, Дзагоев әлі бір аптадай алаңға шықпайды. Сарапшылар оның орнын «Спартак» жартылай қорғаушысы Роман Зобнин басады деп отыр. Сондай-ақ, Черчесов бапкер шабуыл шебіне Артем Дзюбаны қоюы да ықтимал.

Ресей-Египет ойыны бүгін Астана уақыты бойынша 00:00-де басталады.

«А» тобындағы Уругвай мен Сауд Арабиясындағы матч 20 маусымда өтеді. Қалған ойындардың кестесін мына сілтемеден көруге болады. 

Соңғы жаңалықтар