Салафизмнің бізге жат ағым екенін «тайға таңба басқандай» ұғындырып беруге тиіспіз - Мәжіліс депутаты

None
None
АСТАНА. 17 маусым. ҚазАқпарат - Жастар арасында салафизмнің бізге жат ағым екенін «тайға таңба басқандай» етіп ұғындырып беруге тиіспіз.

Бүгін Мәжілісте ҚР Дін істері агенттігінің қызметіне арналған Үкімет сағатында Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай мәлім етті.

«Елбасы Н. Назарбаев: «Біздің түбіміз - түрік, дініміз ислам, сондықтан қасиетті кітабымыз - Құран» деп айтқан еді. Ата-бабаларымыз Ханафи мәзһабын ұстанған. Ендеше бұның басқа мәзһабтардан ерекшеліктерін көбірек айтып, халыққа түсіндіруді кеңінен жүргізген абзал. Салафизмнің бізге жат ағым екенін «тайға таңба басқандай» ұғындырып беруге тиіспіз. Сондай-ақ, кез-келген дәстүрлі діннің бейбіт мақсатқа, рухани дамуға бағытталғанын ұғындыру қажет. Біз өз позициямызды жұртшылыққа нақты түсіндіруге тиіспіз», - деді комитет төрағасы.

Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев қазіргі уақытта мемлекеттік арналарда екі бағдарлама ғана шығатынын, «қазақ радиосында» бір айдар шығарылатынын жеткізді. «Сондықтан да, бұл бағыттағы жұмысқа мемлекеттік емес телеарналарды да тартқан ләзім. Ақпараттық жұмысқа қоғамдық ұйымдарды, зиялылар мен депутаттарды кеңінен тартқан орынды», - дейді М. Әшімбаев.

Соңғы жаңалықтар