Сал ауруына шалдыққан тараздық данышпан бала Исаак Мустопуло облыс әкімімен кездесті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов тараздық данышпан бала Исаак Мустопуломен кездесті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс басшысымен кездесуге жас ғалым анасы Майра Талғатқызымен бірге келді. Кездесуде аймақ басшысы ерекше қабілетті жасөспіріммен түрлі бағытта ой бөлісіп, өңірдегі дарынды жастарға қашанда қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова өзінің әлеуметтік желідегі Facebook-парақшасында жазды.

«Асқар Мырзахметов жақында ашылған Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында ғылым қуған дарынды жастар үшін үйірме немесе клуб ұйымдастыру туралы ұсынысын жеткізіп, оған жас ғалымның барынша атсалысуын сұрады. Онда жастар өз идеяларын мақсатты жүзеге асыруға, тек қана ғылым саласында емес, сонымен қатар мәдениетті дамыту, жас ұрпақ арасында рухани құндылықтарды насихаттау мәселелері бойынша да пікір алмасып, талқылауға зор мүмкіндік тумақ»,-делінген баспасөз хатшысының жазбасында.

Өз кезегінде Исаак та аймақ басшысының бастамасын қуана қолдайтынын білдірген. Себебі, ол өз мектебінің қабырғасында осындай нәрсе ұйымдастыруға тырысып жүр екен.

«Егер клубты облыс көлемінде ұйымдастыратын болса, онда жастар үшін кең перспективаларға жол ашылатын болады», - деген жас ғалым қуанышын жасыра алмады.

Кездесу соңында облыс әкімі Исаак Мустопулоны Жамбыл облысының тарихы топтастырылған фотоальбом сыйлап, оған зор денсаулық және ірі ғылыми жетістіктер тіледі.

Айта кетейік, Исаак Мустопуло - «Үйлесім теориясы» жобасының авторы. Ол Тараз қаласында туған. Тумысынан сал ауруына шалдықса да, ғылым-білім жолында ешқандай кедергі болмау керегін Хокингтен кейін дәлелдеген тұлға ретінде тарихта қалуы бек мүмкін. 15 жасында ғарыш кемелеріне арналған электроэнергияны өндіру жолдарын пайымдаған. Осыдан кейін әйгілі ұлыбританиялық астрофизик, профессор Стивен Хокингпен кездескен болатын.

Жас ғалымның жетістіктері де аз емес. Исаак Британ Кеңесі мен National Agency for Technological Development ұйымдастырған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналаған STEM ұлттық инновация конкурсында «Үйлесім теориясы» атты видеоролигі үшін арнайы жүлдеге ие болған. Өз видеосында ол ғарыш аппараттары үшін электр қуатын өндіру жолын сипаттап берген.

Сондай-ақ өткен жылдың қараша айында Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен Global IT Challenge 2019 халықаралық конкурсының жеңімпаз атанған.

LG компаниясының айрықша мұқтаждығы бар балаларға арналған ақпараттық технологиялар саласындағы бұл байқауға 23 елден 300 үміткер қатысты. Жерлесіміз ақпараттық технология саласындағы ең үздік IT-мамандар ішінен «eLifeMap» аталымында топ жарып, «Best Award» Бас жүлдесін жеңіп алды.


Соңғы жаңалықтар