Сал ауруына шалдыққан елордалық жігіт каратэден қара белдік иегері атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Айдос Медьянов жарық дүние есігін ашқан кезде омыртқасына зақым келіп, сал ауруына шалдыққан. 24 жасында ол елордада каратэ мектебінің негізін қалаушы - Рүстем Сұлтанбековке барып, шығыс жекпе-жегін үйренгісі келетінін айтқан. Жаттығудан қалмай, өзгелермен тең дәрежеде дайындалу керек деген талап қойған ұстаз оны өз мектебіне қабылдайды. 8 жыл бұрын каратэ мектебіне мүгедек арбасына танылған күйде келген жігіт бүгінгі таңда балдақсыз жүре алатын күйге жеткен. Тіпті, шығыс жекпе-жегінен бірінші дәрежелі қара белдік қорғады. Ол - дүние жүзі бойынша қара белдікке ие болған сал ауруы диагнозы бар жалғыз адам. ҚазАқпарат тілшісі үлкен жетістікке жеткен ұстаз бен шәкірттен сұхбат алып қайтты.

Айдос Медьянов 1988 жылы 2 қыркүйекте Ақмола облысында дүниеге келген. Жарық дүние есігін ашқан кезде омыртқасына зақым келіп, 13 жыл бойы жүре алмаған.

«Бала кезімнен жаттығумен айналысамын. Каратэмен айналысқаныма 8 жыл болды. «Осымен тоқтағаның дұрыс болар« деп айтқан достарым да болды, бірақ мен намысқа тырысып, бастаған істі соңына дейін жеткізуді жөн санайтын адаммын. Бұл спорт түрінен бас тарту туралы ой миыма келіп көрмеген. Жаттығумен айналыспаған күнімді көз алдыма елестете алмаймын»», - дейді Айдос Медьянов.


Ол каратэ мектебіне аптасына үш рет барып, бір жарым сағаттан жаттығады. Үйге барған соң тағы да 2 сағат жаттығуды әдетке айналдырған.

«Ұстазым маған сенеді, алға қойған мақсатыма жету мүмкіндігім көп екенін айтады. Қазіргі уақытта елордадағы Д.Қонаев атындағы колледжде заңгер мамандығы бойынша 2-курста оқимын. Қашықтан оқитындықтан, топтастарымды жақын танымаймын. Негізгі достарым осы жерде. Бұл жер - менің екінші отбасыма айналып кетті», - дейді ол.


Оның айтуынша, ол киокушинкай каратэні таңдамаған, керісінше киокушинкай жекпе-жегі оны таңдаған.

«Мен 8 жыл бұрын жекпе-жектің басқа түрлерімен айналысқым келген. Ешбір жаттықтырушы менімен жұмыс істегісі келмеді. Рүстем Сұлтанбеков аға ғана менімен жұмыс істеуге тәуекел етті. Басқа емес, дәл осы жердің есігі мен үшін ашық болғаны - бұл жекпе-жек түрі маған арналғаны шығар», - дейді Айдос.


Ол каратэ мектебіне келген кезде мүгедек арбасында отырғанын, мектепке оны бауыры арқалап алып келгенін айтты.

«Ол кезде екі балдақтың сүйемелдеуінсіз жүре алмайтынмын. Мектепке бауырымның арқасына отырып келдім. Қазір бір балдақтың көмегімен жүре аламын, жаттығу залында балдақсыз жүретін кездерім де болады. Бұл - менің үлкен жетістігім», - дейді ол.

Айдос бүгін қара белбеу алды.

«Бұл - менің асқақ арманым, айқын мақсатым еді. Сал ауруына шалдыққан ешбір адам шығыс жекпе-жегінен қара белдік алып көрмеген. Мен адам бағындыра алмайтын шың болмайтынын өз-өзіме дәлелдегім келді және үйде мүгедек арбасына танылып отырғандарға рух сыйлағым келді. Өмірді жақсы жаққа өзгерту әр адамның өз қолында. Міне, осы мақсатыма жеттім, енді екінші, үшінші, төртінші данды алғым келеді. (Дан - жапондық жекпе-жек өнеріндегі дәреже). Болашақта Жапонияға барып, осы шығыс өнерімен айналысуды жалғастырғым келеді. Ол үшін қазіргі уақытта жапон тілін үйреніп жүрмін. Қара белбеу алуым менің және ұстазымның еңбегінің, анам мен достарымның қолдау көрсетуінің нәтижесі», - дейді Айдос.


Ол тағдыр жолы өзіне ұқсас адамдарға кеңес айтты.

«Ең алдымен адам өз-өзіне сенімді болуы керек. Мінезді болмасаң - мақсатқа жетпейсің. Мен өзімді ешқашан өзгеден кем адам санап көрген емеспін. Өмірде неше түрлі қиындық болады, бірақ адам өз өзін жігерлендіре алмаса еш нәтиже болмайды. Қандай жерге барсаң да, қандай ортада жүрсең де еңсеңді түсірмей, рухың берік болуы керек. Мен туған кезде мүгедек адамдарға қоғамның көзқарасы басқаша болған, қазіргі уақытта көп нәрсе өзгерді. Денсаулығыңда ақау болғанмен, өнер, білім, парасатыңмен кез келген адамды мойындатуға болады. Ана тілім, орыс тілімен шектелмей, ағылшын, қытай, испан, жапон тілін меңгеріп жатырмын. Бұл - заман талабы», - дейді ол.

Оның ұстазы, елордадағы каратэ мектебінің негізін қалаушы Рүстем Сұлтанбеков шәкіртімен танысқан кезді есіне алды.

«Павлодар қаласында мен сал ауруына шалдыққан баламен жұмыс істеп көргенмін. Мүгедектер арбасында отыратын Игорь Шиллер шығыс жекпе-жегімен айналысқаннан кейін өз күшімен жүре бастады. Қазір ол 26 жаста. Мен елордаға көшіп кеткендіктен, оның дәрежесін қара белдік алуға дейін жеткізе алмадым. Айдосты бауыры менің алдыма арқалап алып келген еді. Барлық жаттықтырушы онымен жұмыс істеуден бас тартқанын айтты. Мен Айдосқа екі сұрақ қана қойдым. «Бұл жол сен үшін жеңіл болмайды. Саған ешқандай артықшылық бермеймін. Басқалармен тең жаттығасың. Осыған келісесің бе? Жаттығудан бір күн де қалуға болмайды. Жаттығуға уақытылы, кешікпей келе аласың ба?» деп сұрап едім, ол «Келісемін, кешікпеймін» деп жауап берді. Содан бері, міне, сегіз жыл өтті», - дейді Рүстем Сұлтанбеков.


Ол сал ауруына шалдыққан шәкіртінің мінезі туралы айтты.

«Айдоста алдына қойған мақсатқа жетпей қоймайтын қасиет бар. Қара белдігін қорғаған кезде оның орындықта отырғанын қалағандар болды. Аяушылық сезімі туындады, бірақ мен оның мінезін жақсы білемін, сондықтан ол қара белдікті ел қатарлы қорғайтынын айттым. Ол қара белдікті қорғау жаттығуларын бес сағат бойы ешбір көмекші құралсыз өз күшімен істеп шықты. Оған қарап тұру маған оңай болған жоқ, дегенмен онымен бірге жұмыс істеген 8 жылда менің кеудеме оның ерік-жігері мықты екені туралы сенім ұялаған. Бірінші дәрежелі қара белдікті қорғау өзім үшін де оңай болған жоқ еді. Бұл - өте маңызды, жауапкершілікті талап ететін сынақ. Бірақ оның жаны да, тәні де қара белдікті қорғауға дайын болды. Айдос - жүрегі таза адам. Оны жаттығу залынан көрген кезде мен шабыттанып кетемін. Онымен жұмыс істеу арқылы сабырлы, шыдамды болуға үйрендім. Айдос каратэ мектебіне келушілерге қойылатын талаптың жоғары болуына ықпал етті. Он екі мүшесі сау адам жаттығуға келмей қалса қатты ашуланып, Айдосты оларға үлгі етемін. Себебі ол жаттығуға қалмай келеді. Бірде әкесі, бірде анасы, енді бірде бауыры алып келсе, енді бірде таксимен келеді. Ол жыл мезгіліне, ыстық-суыққа қарамайды», - дейді ол.

Ұстаздың шығыс жекпе-жегін үйретумен айналысқанына 24 жыл болған.

«Бәріне арналған каратэ» бағдарламасының авторымын. Бұл бағдарламаға каратэмен айналысқысы келетін, бірақ қандайда бір шектеуі бар адамдар қатыса алады. Биыл 16 наурыздан бері оларды онлайн режимде жаттықтырып жатырмыз. Менің жаттықтыру әдісім өте қарапайым. Осындай ерекше адамдарға күш-жігер сыйлап, өзгелермен тең көрсең - нағыз батыр дайындап шығаруға болады», - дейді ол.

Сондай-ақ, ұстаз шәкірттерін қалай жігерлендіретінін айтты.

«Ең алдымен олара өзің үлгі болуың керек. Мен 2016 жылы ардагерлер арасында каратэден Еуропа чемпионы атандым. Одан кейін төртінші дәрежелі қара белдік қорғап, Жапонияда 40 жекпе-жек өткіздім. Осылайша шәкірттеріме өзім үлгі болсам, олар маған қарап бой түзейді», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар