Сал ауруымен ауыратын 5 жасар Бекарыстың тұсауын «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Дархан Қалетаев кеседі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Дархан Қалетаев бүгін сал ауруымен ауыратын 5 жасар Бекарыстың тұсауын кеседі. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне сал ауруына шалдыққан балалардың концертін ұйымдастырушы, «Қасиетті жол» қорының өкілі Ақсұлу Саңғали айтты.

Бүлдіршін биыл Астанада ашылған сал ауруымен ауыратын балаларға арналған оңалту орталығында емдеу курсынан өтті.

Естеріңізге сала кетейік, орталық «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының мұрындық болуымен ашылған болатын. Заманауи орталық қажетті құрал-жабдықтармен, озық технология, бассейн, массаж кабинеттерімен қамтылған. Мұнда емдеуден өткен 200 баланың арасында мүгедек арбасын тастап, аяғын тәй-тәй басып жүріп кеткендер де бар. Солардың арасында 5 жасар Бекарыстың ұмтылысы қуантады.

Бүгін аталған орталықтың тәрбиеленушілері өздерінің демеушілеріне алғыс ретінде концерт береді.

Мерекеге «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Дархан Қалетаев, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, балалар үйінің басшылары, Қазақстан эстрада жұлдыздары келеді. Өмірдің қатал сынына сағы сынбай келе жатқан бүлдіршіндерді қолдауға қазақтың танымал әншісі Қарақат Әбілдина мен оның ән мектебі, ағайынды Жүгінісовтер өз ниетін білдірді.

«Көздегеніміз әр баланың мүмкіндігінің шексіз екендігін көрсету, балаларға қолдау білдіріп, осы мәселеге қоғамның назарын аударту. Мұнда балалар арбамен би билеп, ән айтады. Тіпті, сал ауруымен ауыратын балалар «Сармат» тобының жылдам әндеріне флеш-моб билеуге де дайын», - деді «Қасиетті жол» қорының өкілі Ақсұлу Санғали.

Мерекелік концерт Астана қаласында Қабанбай батыр даңғылындағы "Hillton" отелінде кешкі сағат 19:00-де өтеді.

Соңғы жаңалықтар