Сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің сомасы өседі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жұмыскерлерін жазатайым оқиғалардан сақтандыратын жұмыс берушілер үшін сақтандыру тарифтері төмендетілмек. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасын таныстыру кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұмыскерлерін жазатайым оқиғалардан сақтандыратын жұмыс берушілер үшін сақтандыру тарифтерін төмендету ескерілген. Бұл ставкілердің ең төменгі әрі ең жоғарғы дәрежесі белгіленеді. Осы дәрежені таңдау өндірістегі жазатайым оқиғалар, жарақат алу және кәсіптік ауруларға қарай анықталады. Сондай-ақ сақтандыру қорынан және сақтандыру компанияларында жинақталған активтерден төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін ұлғайту кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады», - деді Т. Дүйсенова.

Оның айтуынша, келер жылдан бастап жұмыссыз қалған азаматтарға жарна төлеген уақытына сәйкес 6 айға дейін бұрынғы табысының 45 пайызын төлеу қарастырылып отыр.

«Әлеуметтік кодекс жобасында, Салық кодексінде және басқа да ілеспе заңдарда көзделген іс-шаралар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру жүйесімен барынша қамтылуына жол ашады деп есептейміз», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, онлайн платформалар арқылы (Яндекс Такси, Яндекс GO және т.б.) жұмыспен қамтылған азаматтар үшін арнайы салық режимі енгізіледі.


Соңғы жаңалықтар