Сақтандыру қоры Ертіс өңірінің медициналық ұйымдарына 21,8 млрд теңге төледі

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Биыл Павлодар облысында медициналық қызмет көрсетуде келісімшарттардың жалпы сомасы 40,5 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сілтеме жасап.

Павлодар облысы бойынша қор филиалының директоры Ардақ Ситқазинов атап өткендей, жұмыс жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда.

- Жұмыс уақытылы әрі кесте бойынша жалғасуда, - дейді Ардақ Ситқазинов. - Бөлінген қаржы медициналық мекемелердің операциялық шығындарын жабуға жеткілікті. Қор медициналық ұйымдар алдындағы барлық келісімшарт міндеттемелерін толық көлемде атқаруда.

Павлодар облысында 63 медициналық ұйым мемлекеттен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында қызмет көрсетеді. Оның 30 - жекеменшік. 2018 жылмен салыстырғанда жеке қызмет көрсетушілер саны 5 ұйымға артты.

- Жекеменшік медициналық ұйымдар қормен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді әрі өзгермелі жағдайда жұмыс істеуге дайын екенін көрсетті. Медициналық қызмет көрсету нарығында бәсекенің артуы медициналық көмектің қолжетімді болуына, сапаға оң ықпал етері сөзсіз, - дейді Ардақ Ситқазинов.

2019 жылдың басынан қор Қазақстанның медициналық ұйымдарына халыққа көрсеткен қызметі үшін 487 млрд теңге төледі. Биыл медициналық сақтандыру қоры кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге құлшыныс білдірген медицина ұйымдарымен 889 млрд теңгенің келісімшартын бекіткен болатын. Бұл 2018 жылы бөлінген қаржыдан алты пайызға артық.

Соңғы жаңалықтар