Саида Қалықова мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияға ие болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көзі көрмесе де әлем жұртшылығын пианинода еркін білікті музыкант ретінде өзіне таныта білген Саида Қалықова ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясына ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бала кезінен музыкаға құштарлығы зор Саида  тағдырдың басқа салған қиындықтарына еш мойыған емес. Көз жанарынан айырылса да нотаны жүрегімен жаттап, «Жаңбырдан кейін» деп аталатын алғашқы шығармасын 15 жасында жазды. Осы композициясы арқылы жаңбырдан кейінгі табиғаттың ғажайып көрінісін шебер жеткізе білді. Мектепті де, музыкалық колледжді де үздік бітірді. Ұлттық өнер университетінде білім алып, «Болашақ» бағдарламасы арқылы Италияның Луиджи Керубини атындағы консерваторияда оқыды. Италияның консерваториясын да Саида үздік бітірді. Бетховен мен Дебюсси бойынша екі бірдей ғылыми жұмысты итальян тілінде қорғап, магистратураны «Laude» белгісімен аяқтады.

Осы уақытқа дейін Саида Қазақстанда ғана емес, Ресей мен Италияда ондаған концерт берді. Халықаралық байқауларға қатысты. Қайырымдылық шараларына да жиі атсалысып отырады. Музыкант өз репертуарын үнемі жаңартып отыруға тырысады. Сирек кездесетін шығармаларды іздейді. Оның өзгеге ұқсамайтын концерттік бағдарламасын тыңдармандар да жиі байқап жүр.

Айта кетерлігі, Саида «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енді. Соның арқасында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, Елбасының ізгі тілегін естіді. 

«Рахмет, Саида! Осы жолмен жүре бер. Сен қанша жасқа өнеге боласың. Адамның мүмкіндігінің шексіз екенін көрсетесің. «Бақыттымын» дедің, бақытты бол! Ұзақ ғұмыр тілеймін! Әлі талай шығармалар жазасың. Қуантасың бізді...», - деген тілегін білдірген еді Мемлекет басшысы музыкант қызға.

Соңғы жаңалықтар