Сағынтаев Жамбыл облысында тұрғын үй бағдарламаларының іске асырылуымен танысты

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Бақытжан Сағынтаев Тараздағы жаңа 15-ықшамауданды аралап, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты, деп хабарлайды primeminister.kz.

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында Мемлекет басшысы қолайлы өмір сүру ортасын тудыру үшін сапалы әрі қолжетімді тұрғын үйдің болуын негізгі факторлардың бірі ретінде атады.

Нысанды аралау кезінде Үкімет басшысына жаңа ықшамауданда биыл 10 үйдің (800 пәтер) құрылысын аяқтау жоспарланғаны туралы баяндады. Тұрғын үйлер Президенттің «Бес әлеуметтік бастама» үндеуінде айтылған «7-20-25» бағдарламасы бойынша сатылатын болады. Бұдан өзге, тұрғын үй алабында жеке құрылысы салушылар 205 типтік жеке тұрғын үйлер салып жатыр, олардың құрылысы да жыл соңына дейін аяқталады.

Тұрғын үйдің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында 2018 жылы өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 32 тұрғын үй мен 37 инженерлік инфрақұрылым жобасын салу үшін барлығы 13 млрд теңге бөлінген. Оның игерілуі қазір 96% құрап отыр. Нәтижесінде 10 айда 448,3 мың  шаршы метр тұрғын үй тапсырылды, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 8,4%-ға жоғары.null 

Облыс әкімінің орынбасары Е. Дауылбаев сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыс әкімдігі жергілікті бюджеттен бастапқы жарнаның 10% субсидиялау тетігін енгізгенін хабарлады. Жалпы, бағдарлама биыл облыста үй кезегінде тұрғындардың 30% қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, еліміз бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биылғы жылдың 9 айында 8,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 11,6%-ға артық. 77 мыңнан астам отбасы өз баспана жағдайларын жақсартты, оның ішінде 9,5 мың отбасы мемлекет қаражаты есебінен салынған тұрғын үйге ие болды.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, биыл барлығы 12,1 млн шаршы метрден кем емес тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, оның ішінде мемлекеттік инвестициялар аясында 1,3 млн шаршы метр немесе 22 мың пәтер берілмек.

Соңғы жаңалықтар