Сағынтаев тұрғындармен бірге асфальт пен жарық жоқ көшелерді аралады
2020 жылғы 7 ақпан 18:14

Сағынтаев тұрғындармен бірге асфальт пен жарық жоқ көшелерді аралады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат –Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданы әкімінің есептік кездесуіне қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан тұрғындарын алаңдататын басты мәселелер – жолдың, коммуналдық желілердің жоқтығы, абаттандыру мен аумақты көгалдандыру жұмыстары.

Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков тұрғындарға 2019 жылы атқарылған жұмыстарды баяндап берді.

Өткен жылы «Мәдениет» ықшамауданы мен «Энергостроитель», «Теплоэнергетик» саябақтарына 6,8 шақырым газ құбыры тартылды. 1407 үйді газдандыру қажет, олардың 976-ы жеке үй, 431-і саябақ.

Сумен қамту 79% кәріз желілері 68 % – ды құрайды. «Ақбұлақ», «АЗТМ», «Алғабас» ықшамаудандарына ұзындығы 107 шақырым болатын желілер тартылып жатыр.

Аудан электр желісімен толық қамтылған. Дегенмен, 157 шақырым желі мен трансформаторлы қосалқы стансалар сот арқылы иесіз деп танылып, оның 143 шақырымы «Алатау Жарық» компаниясының балансына берілді. Айта кетерлігі, аудан тұрғындары коммуналдық қызмет төлемін жалпықалалық тариф бойынша төлей алады.

Есептік кездесу барысында тұрғындар тарапынан ұсыныс– тілектер де айтылды. Мәселен, эколог Тимур Елеусізов скверлерді абаттандыру бойынша көмегін ұсынды, сонымен қатар видеобақылау камераларын орнату қажет екенін атап өтті.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданы тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Барлық проблемалық мәселелердің жүйелі түрде шешілетінін хабарлады. Ол үшін таяу уақытта аудандар әкімдері өз аумақтарын дамытудың үш жылдық шеберлік-жоспарларын әзірлейтін болады.

«Мұндай инфрақұрылымды жақсартатын және ауданның басқа да мәселелерін шешетін «Жол картасы» сіздердің белсенді қатысуларыңыз арқылы әзірленеді. Қала бюджеті шеберлік-жоспарларына сәйкес жасалады әрі бөлінетін болады», — деді Б. Сағынтаев. Ол әкімдіктің жұмысында тұрғындар пікірлерінің басты назарға алынатынын атап өтті.

Кездесу аяқталған соң аудан тұрғыны Жұмағазы Есжановтың өтініші бойынша Алматы әкімі асфальты, жарығы жоқ, арық жүйесі бұзылған Доспанов пен Сұхамбаев көшелерінің қиылысына барды. Мұндағы ағаштарды кесу қажет, өйткені олардың бұтақтары электр желісі мен байланысқа зиян келтіруі мүмкін екендігі айтылды.

Бақытжан Сағынтаев тиісті басқармалар басшыларына жұмыс жоспарларына сай көрсетілген кемшіліктерді жоюды тапсырды.

Айтар болсақ, өтініштерге жедел назар аудару үшін Алатау ауданында Whatsapp мессенджерінде +7 700 300 2097 нөмірі бойынша чат ашылған.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT