Сағынтаев пен Баталов екі өңірдің шекаралас аймағын дамытуды талқылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда қала басшысы Бақытжан Сағынтаев пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен екі өңірдің іргелес аймағын дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімдігінің хабарлауынша, әкімдер мегаполис пен облыстың шекаралас елдімекендері тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған іс-қимылды талқылады. Проблеманың негізгі спектрі анықталды - тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысы, көлік және жол инфрақұрылымын нығайту, азық-түлік қауіпсіздігі және туристік әлеуетті арттыру. Кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құруға баса назар аударылды.

Алматы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаевтың айтуынша, тұрғын үй салу үшін қалада бос жер жоқ. Баспанаға деген сұраныс құрылыс қарқынынан басым. Үй кезегіндегілер саны жыл сайын 10%, яғни 2400 адамға артып отырады. Мәселені шешудің бір жолы - облыс аумағында 2015 жылғы тәжірибе бойынша тұрғын үй салу. Ол кезде Алматы қаласында баспана кезегінде тұрған 900-ден астам адам Қарасай ауданындағы «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінен пәтер алған болатын.

Көлік қатынасын дамыту үшін Б.Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша, қаламаңы тасымалымен қалалық муниципалды және жеке автопарктер айналысатын болады. Қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында тасымалдау ережесі күшейтіледі. Білім басқармасы тасымалдаушылармен және колледждермен бірге жүргізушілер мен сервистік қызметшілер құрамын оқыту мен қайта оқытуды қолға алады. Міндет – жалпы жүргізушілік мәдениетті арттыру.

Айта кетерлігі, көлік өткізу қабілетін арттыру үшін қалада жолайырықтар салынып, үңгілеу жұмыстары жүруде. «Алтын-Орда» базары маңындағы жолды тез арада кеңейту қажет. Сондай-ақ радиалды жолдар құрылысын жылдамдатқан жөн. Жаңа жол құбырлары мен инженерлік желілерді салу келісіп атқарылады.

Алматыны азық- түлікпен қамтамасыз ету – үйлесімді іс-қимылды қажет ететін маңызды мәселенің бірі. Алматы – еліміздің ірі тұтыну нарығы. Соңғы 5 жыл ішінде қала тұрғындарының саны 20% өсіп, 1,8 млн адамнан асты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерді - көкөністі, ет пен сүт өнімдерін, жеміс-жидекті, түрлі жармаларды тұтынудың жыл сайынғы көлемі – 1,1 млн тонна.

Алматы облысы қалаға ауылшаруашылық өнімдерін басты жеткізуші бола алады. Алайда, қазір тұтыну көлемінің жартысынан азы ғана жеткізілуде.

Ауылшаруашылық өнімдерін тасымалдау мен жеткізу жүйесін арадағы делдалсыз дұрыс жолға қою тұрғындарға қолжетімді өнімдер сатып алуға мүмкіндік береді.

Алматы әкімі еңбекпен қамту және жұмыс орындарын ашу мәселесіне ерекше назар аударды. Ол үшін шет аймақтар мен қалаға жақын орналасқан елді мекендерде тұрғындар қажеттілігі мен еңбек нарығын ескере отырып, шағын және орта бизнесті дамыту қажет.

Жаңа жұмыс орындарын ашудың драйвері туристік әлеуетті дамыту болып табылады. Мамандардың мәліметі бойынша, Алматыға келген шетелдік туристердің 80% облыстың туробъектілерінде болуды қалайды екен.

Қолжетімділік пен жайлы жағдайды қалыптастыру үшін көлік және жолжиегі инфрақұрылымдарын дамыту қажет. Алматыдан ыңғайлы автобустармен шығатын туристердің Алматы облысында орналасқан ұлттық парктерге сапарын ұйымдастырған жөн.

«Бүгінгі әңгіменің Алматы мен Алматы облысының шекаралас аймақтарында жаңа игілікті істердің пайда болуына ықпал ететініне сенімдімін. Бұл, біздің бірігіп атқаратын ауқымды жұмыстарымыздың бастауы болады», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.


Соңғы жаңалықтар