Сағынтаев Мәсімовке: Ұялы телефонымызды шынжырға байлап алуымыз керек пе

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Алматыда ұялы телефон ұрлығы өршіп тұрғанын атап өтті. Сондай-ақ Алматы қалалық Ішкі істер департаментіне бұл мәселені түбегейлі шешуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыс барысында Алматы қалалық Ішкі істер департаменті бастығының міндетін атқарушы Нұрлан Мәсімов оңтүстік астанада қазіргі уақытта қылмыс азайып, олардың ашылуы арта түскендігін айтты.

«Жасалатын қылмыстардың 70 пайызын ұрлық құрайды. Олар көбіне күндізгі уақытта жасалады. Сондықтан патрульдік полиция жаяу жасаққа көшірілді. Аса ауыр қылмыстар - 18, ауыр қылмыстар - 15, адам өлтіру 33 пайызға төмендеді», - деді ол.

«Республикада жасалатын қылмыстардың 20 пайызы Алматы қаласының үлесіне тиесілі. Халқының саны да көп. Дегенмен, өте үлкен көрсеткіш, қуантарлық жағдай емес. Төмен түсіру керек.  Ұялы телефондарды ұрлау өте көп. Соған не жауап бересіз?», - деді Премьер-Министр өз кезегінде.

Департамент басшысының айтуынша, ұялы телефон ұрлығына қатысты әрбір қылмыс тіркеледі. Дегенмен, ұялы телефон ұрлығының 70 пайызын иелерінің оны қалдырып кетуінен орын алуда.

«Бір-екі күннен кейін  келіп арыз жазады, нақты орнын көрсете алмайды», - деді Нұрлан Мәсімов.

Оның мұндай жауабы Премьер-Министрдің көңілінен шыққан жоқ.

«Ұрлықтардың әрбір бесіншісі ұялы телефондардың жымқырылуына байланысты болып отыр. Сонда бүкіл халық кінәлі ғой, телефондарын тастап кетеді. Ешкім ұрлап жатқан жоқ, өздері тастап кететін болғаны ғой. Онда сіздің ойыңызша, шынжырға байлап, қалтамызға салып жүруіміз керек болғаны ғой. Өткенде автокөлік бөлшектері бойынша көп айтылды. Оларды сататын орындар бар. Тамыз айында біраз рейд жасадыңыздар. Тура сондай ұрланған ұялы телефондарды сататын орындар көп.  Сататын орын болғаннан кейін ұрлайды. Осы бағытта не жасап жатырсыздар?», - деп сұрады Бақытжан Сағынтаев.

«Бақытжан Әбдірұлы, өте дұрыс айттыңыз, сұраныс  ұсынысты туындатады.  Қазір аталған сауда нүктелерін қарастырып жатырмыз. Аталған нүктелер сауда үйлерінде орналасқан. Біз оларға рейд жүргізіп, ұрланған телефондарды тәркілейміз. Содан кейін ол дүңгіршектерді жауып, қожайындарымен әңгімелесу өткіземіз. Қазір нәтижесі байқала бастады», - деді департамент басшысы.

Соңғы жаңалықтар