Сағынтаев кәсіпкерлерді карантин шараларын сақтауға шақырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Алматы» телеарнасының Akimat Live тікелей эфир барысында мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлерді карантин шектеулерін қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тікелей эфир барысында Бақытжан Сағынтаев қаладағы 32 мониторинг тобы белгіленген шектеудің сақталуын қадағалайтынын еске салды. 8 қазан мен 17 қараша аралығында 444 рейд жүргізіліп, 3,6 мыңға жуық нысан тексерілді.

Тексеру барысында 828 нысанда (22,5%) талапты сақтамау анықталды, 90 заңды тұлғаға 28,7 млн теңге көлемінде 453 әкімшілік айыппұл салынды. Маска режимін бұзған жеке тұлғаларға 15,5 млн теңгеге айыппұл салынып, 374 әкімшілік хаттама толтырылды.

«Алда күрделі кезең тұр, ауру өрши түсетін болады. Вакцина пайда болғанша біз санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға тиіспіз», — деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Мегаполис әкімі ойын сауық және қоғамдық тамақтандыру саласында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес өкілдерін осынау күрделі кезеңде ынтымақтастық танытуға бір қадам жасауға шақырды.

«Егер біз бір-бірімізге көмектеспесек, кемшілік жалғасады, яғни коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артады. Сондықтан кәсіпкерлер карантинге қатысты белгіленген жұмыс кестесін сақтау қажет», — деп атап өтті Б. Сағынтаев.


Соңғы жаңалықтар