Сағынтаев былтырғы көмір тапшылығы жайында: Барлығы қолдан жасалған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев орталық және жергілікті атқарушы органдарға алдағы уақытта көмір тапшылығын болдырмауды қатаң тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жылыту кезеңі жалпы тұрақты өтті. Енді баршамыз орталық және жергілікті атқарушы органдар алдағы күзгі, қысқы кезеңге дайындықты бастауымыз қажет. Баяндамалардан көріп отырмыз, қажетті жұмыстар басталған. Дегенмен, Энергетика, Инвестициялар және даму министрліктеріне жылыту кезеңіне дайындықтарды орындау барысына мониотринг жүргізуді тапсырамын. Әкімдер жылумен, энергиямен жабдықтаудың, коммуналдық сектор мен әлеуметтік саланың барлық нысандарына жоспарланған жөндеу жұмыстарын қамтамасыз етсін», - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев министрлер мен облыс әкімдеріне алдағы уақытта көмір тапшылығын болдырмауды қатаң тапсырды.

«Былтырғы жылы болған келеңсіз жағдайларды қайталамауымыз қажет. Оның барлығы қолдан жасалған. Біздің бақылауымыздың төмендігінен болған жағдай. Қазақстанда көмір өте мол көлемде өндіріледі. Тек өзімізге ғана емес сыртқа да шығарып жатырмыз. Ал былтырғы келеңсіз жағдай қайталанбауы қажет», - деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
Осы ретте Үкімет басшысы өңір әкімдері мен ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа көмір мәселесіне тұрақты мониторинг жүргізіп отыруды тапсырды.

«Қанат Алдабергенұлы, бұл мәселеге бас назар аударып, тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырамын. Тимур Мұратұлы (ҚР Ұлттық экономика министрі) көмір бағасының негізсіз өсуі мен алыпсатарлық элементтерге жол бермеуді монополияға қарсы шаралар арқылы бақылауды тапсырамын. Бұл жұмысты Асқар Ұзақбайұлы (ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары) бақылауға алыңыз», - деді Үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар