Сағынтаев БРТ және LRT желілерінің құрылысы туралы айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында жүрдек автобустар желісі (БРТ) мен жүрдек трамвай (LRT) желісін салу туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«БРТ желісіне келсек, оның маршруты белгілі. Тимирязев пен Желтоқсан көшесіндегі желі ары қарай Төле би, Шығыс айналма жолына дейін созылады. Бұл мәселе қоғамдық талқылауға шығарылды. Қазір осы бағыттағы жасалған жұмысқа қатысты талқыланатын мәселе көп. Әлбетте жобаны іске қоспас бұрын жергілікті тұрғындардың пікірін ескереміз», - деді әкім.

Ол сондай-ақ, LRT желісі туралы айтты.

«LRT желісі алаңын дайындау жұмысы әлі аяқталмады. Қазір қаражат мәселесін қарастырып жатырмыз. Атап айтқанда, шетелдік қаржы ұйымдарымен байланысып жатырмыз. Қалалық бюджетке барынша тиімді жақтары қарастырылуда. Әлбетте несие доллар валютасында болса, бюджетке күш түсетіні анық. Біз қалайша бұл жүктемені көтеріп жүре аламыз? Жобаны толық қолға алмас бұрын қаржылық моделін ойластырып алғанымыз дұрыс», - деді әкім.

Әкім сонымен қатар, Шығыс және Батыс жаңа вокзалдары туралы айтты.

«Шығыс пен Батыс вокзалдарының жұмысы тоқтамайды. Бұрынғы Саяхат автовокзалы маңында жекеменшік иесінің қызығушылығы пайда болды. Бұл жобаны екі жақтап игеретін болсақ, инвесторлар осы нысанның, көлік хабының иесі болады. Көлік хабын құруға кірісетін болады. БРТ жобасына арнайы депо керек. Талғардан келген жолаушылар отырып кетуі үшін», - деді әкім.

Бұған дейін әкім Талғар мен Алматы арасындағы кептелісті қалай шешуге болатынын айтқан.



Соңғы жаңалықтар