Сағынтаев ардагерлер мен чернобыльдықтарға госпиталь салу бастамасына жауап берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев соғыс ардагерлері, чернобыльдықтар мен Семей полигонынан зардап шеккендерге арнап жаңа госпиталь салуға қатысты депутаттардың сауалына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, бұған дейін Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл ҰОС және Ауған соғысы ардагерлеріне, Чернобыльдегі апат зардаптарын жоюға қатысқан және Семей полигонынан зардап шеккен адамдарға лайықты медициналық көмек көрсету үшін жаңа госпиталь салу бастамасын көтерген болатын. Ол осы өтінішпен Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған еді. Оның айтуынша, «Ауғандықтардың», «Семейліктердің», «Чернобыльдықтардың» «егде жастағылар»  тобына қосылуына байланысты олардың медициналық көмекке мұқтаждығы барған сайын артып келеді.

Депутаттық сауалға жауап берген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Денсаулық сақтау министрлігі Алматыдағы ғимараттың құрылысына қаржы-экономикалық негіздемені әзірлеп, Қаржы министрлігіне жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауға қаражат бөлу туралы бюджеттік өтінім енгізгенін хабарлайды.

«Астана қаласындағы қолданыстағы ғимарат қанағаттанарлық жағдайда. Онда 2009-2010 жылдары күрделі жөндеу жүргізілген. Осыған байланысты, Астана қаласында жаңа ғимарат салған орынсыз деп санаймыз. Бұл ретте, Алматы қаласында Отан соғысының мүгедектеріне арналған клиникалық госпиталь ғимаратын салу жөніндегі жобаны іске асыру шеңберінде гериатриялық орталықты құрудың орындылығы қаралатын болады», - дейді Үкімет басшысы.

Бақытжан Сағынтаев сонымен қатар, Қарулы Күштер мен құқық қорғау органдарының қайтыс болған қызметкерлерінің отбасы мүшелерін Алматы және Астана қалаларындағы Отан соғысының мүгедектеріне арналған госпитальдарға бекіту мәселесіне жауап берді. Премьер-Министрдің жауабына сәйкес, бұл санаттағы адамдарға медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде заңнамада белгіленген тәртіппен республикалық және өңірлік деңгейлерде жүзеге асырылады.

Соңғы жаңалықтар