Сағынтаев алматылықтар шағымданған әлеуметтік нысандарда болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев есептік кездесу кезінде алматылықтар шағымданған әлеуметтік қызмет орталығы мен балалар инфекциялық ауруханасында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін №3 орталықта 350 орын бар, мұнда қарттар, оның ішінде қамқорлықты қажет ететін мүгедектер тұрады. Әкімнің есептік кездесуінде персоналдың жұмысы мен медициналық қызметтің сапасын тексеру бойынша шағым айтылған еді.

Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша арнайы құрылған комиссия әділ баға беру үшін шағымда айтылған барлық жағдайларды жіті тексеретін болады. Бұл жұмыс қала әкімінің орынбасары С. Тұяқбаевқа тапсырылды.

Айтылған басқа шағым бойынша қала әкімі балалар клиникалық инфекциялық ауруханасында болып, көрсетілетін медициналық қызметтің тізімімен, құрал-жабдықтармен және медициналық қызметкерлердің біліктілігімен танысты.

Бұл жерге Алматы мен Алматы облысының елді мекендерінен күн сайын 300-ге жуық бала жеткізіледі, олардың 80-нен астамы стационарда ем алу үшін жатқызылады.

«Осыдан 40 жыл бұрын 360 орынға есептеліп салынған қаладағы жалғыз мамандандырылған аурухананың жүктемесі арта түсуде. Сондықтан оның жанынан 70 орындық қосалқы нысан немесе заманауи 500 орындық балалар инфекциялық ауруханасын салу мәселесін қарастырудамыз», – деп атап өтті Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Еске салайық, 19 ақпан күні Алматы қаласының әкімінің халықпен есепті кездесуі өткен болатын.



Соңғы жаңалықтар