Сағынтаев Алматыда студенттік жатақхананың құрылысын тоқтатты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғындардың шағымынан кейін тоғыз қабатты жатақхананың құрылысын тоқтату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әуезов ауданындағы «Алтын бесік» ықшамауданының тұрғындары 17 ақпанда өткен Алматы қаласы әкімінің есептік кездесуінде жатақхана салу жоспарын қайта қарау туралы өтініш айтып, құрылыс алаңына шақырған болатын.

«Аталған жерге барып, Алматы технологиялық университетінің студенттеріне арналған жатақхана ғимаратына жер телімін беру туралы қаулының күшін жою туралы шешім қабылдадым. Жуырда студенттік үй үшін басқа қолайлы жер қарастырамыз», - деп жазды Instagram-дағы парақшасында Б. Сағынтаев.

Оның айтуынша, енді бұл жерге 120 орындық балабақша, спорт және воркаут алаңдары салынады.

«Ата-аналар балаларға арналған қосымша оқыту мен дамыту орталықтарын құру қажеттігін айтты. Бұл ретте «Шыңға Өрлеу» әлеуметтік клубтарының тәжірибесі негізінде тегін үйірмелер мен спорт секцияларын ашамыз», - деп атап өтті Алматы әкімі.

Әуезов ауданына жұмыс сапары барысында қала әкімі ықшамауданның құрылыс салуға тыйым салынған аймақтарда орналасқан бос жерлерін де қарап шықты. Мұнда жайлы жасыл қоғамдық орындарды құру жоспарланып отыр.

Еске салсақ, Назарбаев даңғылында тұратын тұрғындардың өтініштері бойынша Б. Сағынтаевтың шешімімен тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылған болатын.


Соңғы жаңалықтар