Сағынтаев: Алматыда экономиканың жаңа секторларын дамытуға баса көңіл бөлінеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев тікелей эфир барысында мегаполис экономикасының жаңа басым бағыттарын дамыту туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, қала экономикасында өнеркәсіптің, құрылыстың, әлеуметтік экономика мен жаңа индустрияның үлесі мардымсыз.

Қала экономикасының 33%-ын құрайтын сауда ескі күйінде қалып отыр. Ал бұл қаланың жедел қарқынмен дамуына мүмкіндік бермейді.

«Сондықтан біз қала экономикасын құрылымдық реформалауға бет алдық. Жаңа экономика секторлары басты назарда. Сауда үлесін біртіндеп азайтып, жоғары біліктілікті қажет ететін өндірістік салалардың дамуын күшейту қажет, олар – кәсіби және ғылыми-техникалық қызметтер, қаржы және сақтандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, сондай-ақ креативті экономика салалары», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар, ол жаңа Жібек жолының транзиттік дәлізіндегі қолайлы географиялық жағдайды пайдаланып, ірі аймақтық көлік-логистикалық хаб ретінде халықаралық жеткізу және тарату тізбектеріне ену қажет екенін тілге тиек етті.

Алматы Қазақстандағы ең ірі тұтынушы нарығы және елдегі көтерме және бөлшек сауданың ең көп үлесін алатындықтан, логистикалық әлеуетті дамытуға да баса назар аударылады.

«Халықаралық әуежайды кеңейтудің қала үшін маңызы зор. Жақында халықаралық әуежайдың жаңа терминалының құрылысын бастау жоспарда. Терминалды іске қосқан кезде жолаушылар ағынын жылына 6 млн адамға көбейту көзделген, ал өткізу қабілеті 2,5 есеге артады»,-деді қала басшысы.


Соңғы жаңалықтар