Сағынтаев Ақтөбедегі жылыжай кешенімен танысты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде аумағы 9,5 гектар болатын жылыжай кешенінің құрылысы аяқталды. Өңірге екі күндік жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев кешенді қарап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбенің Кеңес Нокин ауылы маңында жылыжайлар аумағы орналасқан. Бүгін кешке өңірге келген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев аумағы 9,5 гектар болатын жылыжайды аралап көрді. Жоба құны - 4,9 миллиард теңге. Мұнда қияр мен қызанақ өсіріледі. "Greenhause Kazakhstan" ЖШС-нің директоры Мүслім Бектептің айтуынша, кешен құрылысына қажетті қаржының 3,4 миллиард теңгесі "ҚазАгроҚаржы" АҚ арқылы бөлінді. 

"Жылына 5700 тонна өнім шығарылады. Голландиялық технология бойынша салынды. Мұнда барлығы 60 адам жұмысқа орналасты", - деді Мүслім Бектеп. 

Айта кетейік, Бақытжан Сағынтаев Ақтөбедегі ауыл шаруашылығы кешенімен танысты. Ауыл шаруашылығы кооперативінің техникасымен танысып, облыста өндірілетін өнімдер көрмесін қарап шықты. 

Соңғы жаңалықтар