Сағынтаев әкімдерге: Қымбат көлік емес, өртке қарсы техникалар алу қажет

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев барлық әкімдерге ең алдымен қымбат көлік емес, өртке қарсы техника сатып алу қажеттігін ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағымдағы жылы Қазгидрометтің мәліметтеріне сәйкес,  республиканың бірқатар өңірінде жаз кезінде ауа температурасы нормадан жоғары болатындығы күтілуде. Сол себепті бұл мәселеге ерекше көңіл бөлу қажет. Ауыл шаруашылығы, Инвестициялар және даму министрліктеріне, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктеріне бірлесіп табиғат қорғау және орман мекемелерін өрт сөндіру техникаларымен жарақтандырылу деңгейін арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын», - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, бұл бағытта облыстарда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен, қажетті деңгейде материалдық-техникалық қамтамасыз ету төмен.

«Біз енді баспасөз беттерінен оқып, көріп отырмыз. Әкімшіліктер қымбат автокөліктерді жылда сатып алынады. Ал мына орман, дала өрттерін сөндіруге байланысты не болмаса тасқын суға қорғаныс жасауға қажетті құрал-жабдыққа келгенде ақша жоқ болып қалады. Сол себептен өңірлердегі құрметті әріптестер, осы мәселеге баса назар аударыңыздар. Алғашқы кезеңде қажеті материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесіне көңіл бөлуді сұраймын. Содан соң қалып жатса басқасын да ала жатарсыздар. Өмірзақ Естайұлы (Ауыл шаруашылығы министрі Шөкеев - авт.) сараптама жасау керек. Бақыт Тұрлыханұлы (Қаржы министрі Сұлтанов- авт.) соны бақылауға алу қажет», - деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар, ол әкімдіктер мен Ішкі істер министрлігі балаларды сауықтыру лагерлерінің, санаторийлар мен демалыс аймақтарының өрт қауіпсіздігіне ерекше назар аударуы қажеттігін баса айтты.

«Жақында маусым басталады. Соған дайындығымыз жоғары дәрежеде болуы тиіс. Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, орман-дала өрттерін алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық іс-шаралар жоспарын сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет»,-  деді Бақытжан Сағынтаев.

Соңғы жаңалықтар