Садриддин Ахмедов аргентиналық «Цунамимен» айқасады
WBC нұсқасы бойынша жастар арасында бірінші орта салмақтағы әлем чемпионы шаршы алаңға 7 желтоқсанда қайта оралады. Әлеуметтік желідегі «Қазақстан кәсіпқой боксы» парақшасында жазылғандай, ол Канаданың Монреаль қаласында аргентиналық Хосе Антонио Вильялобоспен (12-5-2, 7КО) кездеседі. Қос құрлықтың боксшылары Давид Лемье (40-4, 34КО) мен Макс Бурсак (35-5-2, 16КО) айқасының андеркартында өзара мықтыны анықтамақ.
«Садриддин Ахмедов өзінің жеңіс сериясын жалғастыруды көздесе, Хосе Антонио Вильялоблос оған тұңғыш рет жеңіліс дәмін татыруға тырысады. Ахмедов – туа біткен дарын иесі, техникалық әбжілдігімен, күш-қуатымен танылған ерекше боксшылардың бірі. Бұл айқаста «Q сарбазы» мен аргентиналық «Цунамидің» текетіресін көресіздер», - делінген «Eye of the Tiger Management» компаниясының хабарламасында.
Еске сала кетсек, Садриддин Ахмедов кәсіпқой бокстағы оныншы жекпе-жегін қаза айының соңында өткізіп, 31 жастағы мексикалық Джонни Наварретені (33-15-2, 15КО) техникалық нокаутпен жеңген болатын.