Садақ ату өнері әр қазақтың қанында бар – мерген қыз

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Жаугершілік заманда әр қазақтың аты белдеуде, бес қаруы керегенің басында болған. Осы бес қарудың бірі – садақты ерлер ғана емес, әйелдер де тарта білген. Ежелде бұл дұшпаннан қорғану мен аң аулаудың құралы болса, бүгінде спорттың бір түріне айналып отыр. Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында тұратын мерген қыз Ажар Төлеуқанова садақшылар үйірмесін ашқан. Бұл өңірдегі осындай жалғыз үйірме. Тәлімін көрген шәкірттері бүгінде республикалық жарыстарда топ жарып жүр.

ЭКСПО-дағы этноауылдан басталды

Өскемен қаласында дүниеге келген Ажар Төлеуқанованың садақ пен жебені жанына серік етіп келе жатқанына 5 жылға жуық уақыт болды. Алғаш рет көзін сығырайтып, адырнадан оқ ұшырған сәті әлі де көз алдында. Бұл елордада ЭКСПО көрмесі аумағындағы этноауылда болды.


«Сол жерде ұлттық киім мен бұйым сататын апайыма қолғабыс етіп жүрген едім. Бізге қарама-қарсы садақ ататын жер жасап қойыпты. Барып атып көрдім. Қолымнан келеді екен. Сөйтіп, қызығушылығым арта түсті. Арада бір жылға жуық уақыт өткенде Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығы садақ атуды үйрету бойынша курс өткізіп жатқанын естіп, ойланбастан бардым. Үш айға созылған курсты тәмәмдап шықтым. Оңай болған жоқ. Себебі ол жаққа барып-келу үшін 120 шақырым жол жүруге тура келді. Оның үстіне қыстың кезі. Қақаған аяз», – деп еске алды ол.

Садақ атып үйренуге деген зор құлшынысы мұндай қиындықтарды оңай еңсерген. Десе де күн сайын үздіксіз жаттығу үшін жеке садағы болу керектігін түсінген. Осылайша, Түркиядан садақ пен 10 жебеге тапсырыс береді. 3 айдан соң көптен күткен тапсырысы қолына тиді. Қызының ынтасын көрген әкесі үй ауласына арнайы алаң мен нысана жасап берген. Дайындық одан сайын қызи түсті. Көп ұзамай курсқа қатысқандар «Дәстүрлі садақ ату» республикалық федерациясын құрған.


«Беріліп кеткенім соншалық, қолымды жарақаттап алғанымды да сезбейтінмін. 2019 жылы алғаш рет жарысқа қатысып көрдім. Астанада ұйымдастырылған «Этно Фест» сайысы 3 кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – азиялық стильде нысанаға ату. Ал екіншісі – қазақша стильде, үшіншісі – аңшылық стильде ату. 50 шақты адам қатысты. Оның ішінде талай жылдан бері спорттың осы түрімен айналысып келе жатқандар аз емес. Әйел, ер деп бөлінген жоқпыз. Екі кезеңнен сүрінбей өтіп, үшіншісіне келгенде жолым болмады. Бірақ сайыс қорытындысында үздік бестікке еніппін. Бұл мен үшін үлкен жетістік болды!», – дейді Ажар Төлеуқанова.


Астанадан ауылға көшіп барған

Сол жылы ол сүйіктісінің шаңырақ көтеру жайлы ұсынысын қабыл алып, тойдың қам-қарекетіне кірісіп кеткен. Садақ пен жебені қолға алуға мұрша да болмады. Екі жарты бір бүтін болып қосылған жастар Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданына көшіп келген.



«Сөйтіп, осы жақта немен айналысамын деп ойлай бастадым. Жоғары оқу орнында алған білімім – архитектор-дизайнер. Әуелі Балалар шығармашылық үйінде сурет салу үйірмесін жүргіздім. Алайда бұл жұмысты көңілімнің қаламайтынына көзім жетті. Жарты жылдан кейін директор Жанна Исмағұловаға барып, садақ ату үйірмесін ашқым келетінін айттым. Оған қабілетім жететінін дәлелдеп, жобамның жай-жапсарын түсіндірдім. Ол кісі бірден қолдау танытты», – дейді 27 жастағы кейіпкеріміз.

2020 жылы қаңтарда Глубокое ауылында үйірме өз жұмысын бастады. Садақтар мен жебелерге тапсырыс берілді. Бірақ коронавирус пандемиясының салдарынан үйірме жұмысы бірнеше айға тоқтап, қыркүйекте қайта жанданды. Сол уақыттан бері үзбей айналысып келе жатқан балалар да бар.


Қазақтың қанында бар өнер

«Қазіргі уақытта 3 топта 30-дан астам бала бар. Оқушыларды 5-ші сыныптан бастап қабылдаймын. Олар аптасына екі рет еш ақысыз садақ атудың қыр-сырын үйренуде. Шәкірттерім жарыстарға да қатысып жүр. Құдайға шүкір, жүлде жағынан қара жаяу емеспіз. 2021 жылдың желтоқсанында елордадағы сайыста 2 шәкіртім екінші және үшінші орын алды. 2022 жылы наурызда Қарағанды қаласында өткен республикалық жарысқа үйірмемізден барлығы 5 бала барды. Алиса Мирзанова есімді оқушым үздік нәтиже көрсетіп, Гран-при иегері атанды. Қалғандары да қарсыластарының біразын қапы қалдырып, жүлделі болды», – дейді Ажар.


Оның айтуынша, балаларының жетістікке жеткенін көрген ата-аналар сабақ пен жебелерін сатып алып беріп жатыр. Бірақ барлығының қалтасы көтере бермейтіні анық. Жарысқа барғанда да жол шығындарын Балалар шығармашылық үйі мен ата-аналар бірлесіп көтереді. Сондықтан қаржылай қолдау танытатын демеушілер керек-ақ.

«Садақ ату – мен үшін жан рахаты. Садақты алып, жебені адырнаға керіп, нысананы көздеп атқанда күйбең тірліктің бәрін ұмытасың. Бар ойың көздеп тұрған нысанада. Менің ойымша, садақ ату өнері әр қазақтың қанында бар. Алдағы уақытта осындай үйірмені Өскеменде ашқым келеді. Жұбайым қаладан ғимарат қарастырып жүр. Сондай-ақ «Дәстүрлі садақ ату» федерациясының облыстық филиалын ашуды жоспарлап жүрмін. Құжаттар дайын тұр, тек аккредиттеу жағынан біраз жұмыс қалды», – дейді Ажар Төлеуқанова.


Соңғы жаңалықтар