Сәбит Мұқановтың біз білмейтін қырлары көп - академик Зарқын Тайшыбай

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Биыл Сәбит Мұқановтың туғанына 120 жыл толып отыр. Халық жазушысы атанған Сәбең жайында ҚазАқпарат тілшісі белгілі журналист, академик Зарқын Тайшыбаймен сұхбаттасып, көпшілік біле бермейтін жайттарға қанықты.

- Зарқын аға, бұрын Сәбит Мұқановты білмейтін, оның шығармаларымен таныс емес қазақ жоқ секілді көрінетін. Халықтың сүйікті жазушысы болған Сәбең соңғы кезде өз заманының жазушысы атанып жүр. Бұған себеп не?

- Бұрынғы рухани құндылықтарымыздың қайта бағаланып жатқан жағдайы бар. Бұл да - өмір заңы, бұған да қарсы келуге болмайды. Бірақ біз Сәбитті биыл 120 жылдығында неге айта береміз? Былтыр 125 жылдығында Мағжанды неге аузымыздан тастамадық? Ұрпақ жаңарады, біз кетеміз, ертең 2-3 ұрпақ ауысқан кезде олардың аттары аталмай қалуы да мүмкін.

Мен Сәбитті нағыз қазақтың жазушысы дер едім. Аталарымыз айтатын «әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деп. Сәбиттер де «өзім өлсем де оқырмандарым болсын» деп тілеп кеткен. Біз сіздерге айтамыз, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырамыз. Сәбиттің Нобель сыйлығы болмаса да, Ленин сыйлығын алмаса да, оның қазақ әдебиетіндегі орны сақталып қалады.

Халық жазушысы атағын бермей жатып, заңды түрде халық жазушысы деп танылған Сәбит Мұқанов. «Мен ешкімнен мықты да емеспін, артық та емеспін, ет пен сүйектен жаралған кәдімгі Сәбит Мұқановпын» дейтін өзі.

Сәбит Мұқановтың белгілі бір жағдайда уақыты өткенімен, ол – классик жазушы. Оны бұрынғыдай бас алмай оқымаса да, өз оқырманы бар, болады.

- Сәбит Мұқанов жайында айтылып та, жазылып та жүр. Алайда көпшілік біле бермейтін жайттар да бар ғой?

- Ол әуелде жұмысшы факультетінде оқып жүргенде өлеңдері газет-журнал бетіне шықпай, басылмай, 1925 жылдың 7 қаңтарында Сталиннің қабылдауына кіреді. Кездесуде Сталинге жаңа заманды қолдайтынын айтады. «Мен жетім едім, кедейдің баласы едім, жазушы болғым келеді, бірақ менің жазғандарым шықпайды. Мына бай балаларының, қаражаты барлардың, алашордашы балаларының шығармалары ғана басылады» деп шағымданады. Сталин «иә, келгеніңіз дұрыс, Орталық комитетте Мағжан Жұмабаев деген қазақ жазушысы бар. Ол осы ұлттың барлық зиялылары туралы мағлұмат беріп отырады. Соған тапсырып, сізді жазушы қылып шығар дейміз» деп жазбаларын алады. Сонда Сәбит Мұқанов: «Мағжан Жұмабаевты білемін. Ол маған қарсы шыққан және мені демагог деп атаған, ол менің шығармаларымды шығартар ма екен»,- дейді. Бұл - кәдімгі соның сөзі. Ол кітапта Сталинге жалғыз бардым деген, бірақ негізі Әбілқайыр Досовпен бірге кіріпті. Бұл жайында архив құжаттарында бар. Кейін Әбілқайыр Досов «халық жауы» атанып, атылған.

Орыстың Максим Горький, Маяковский сияқты ақын-жазушылары билікке жақын болғандықтан атағы өсті. Сол кездегі биліктің артықшылығы, халық арасында сыйлы адамдарды көтермеледі. Өйткені үкімет сөзін, партия сөзін сөйлетті. Сәбиттің мықтылығы сол - халық арасынан шығып, халықтың сөзін сөйлеп, халыққа жаға білгендігінде.

Шығармалары жөнінен кішкене айтып кетейін, Мұхтар Әуезовтың «Абай Жолы» эпопеясы XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақтың энциклопедиясы деп бағалаймыз. Қазақтың бүкіл тұрмысы, этнографиясы, тарихы, тілі және мәдениеті бәрі сонда жазылған. Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» бұл ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ өмірінің энциклопедиясы деп атауға болады.

Оның ішінде, тарих та бар, қарғыс та, байлық та, кедейлік те бар. Қазір біз сол шығарманы оқып отырып, сол кездегі адамдардың қалай сөйлегенінен, не киіп, не жегенін, жалпы қандай қоғам болғанын біле аламыз. Көркем шығарма, өмірбаянның өзіндік ерекшеліктері болады.

Ол мемуар емес, оның ішіндегі кейіпкерлерді сол күйінде көрсете отырып, оқырманға ұнайтын, жарайтын түрде бояу қосып, әсерлеп беретін жағдайлары бар немесе жағымсыз кейіпкер болса, оны одан әрі әшкерелеп көрсетеді.

Ал екінші «Өмір мектебінде» тарихи оқиғалармен жанаспайтын қарама-қайшылықтар бар. Мен өзім осы кітапты зерттеген кезде оны архивпен салыстырып, қателерін таптым. Кей оқиғалардың уақыты ауысып кеткен, кейбірінде болған оқиға бұрмаланған.

Шығармада «1921 жылы 17 сәуірде Ақмола губерниялық съезіне Смағұл Садуақасов Қазақ Орталық комитетінің өкілі болып келіп, сөз сөйледі. Сосын ол қайта-қайта қазақ дей бергендіктен, біз оны айғайлап трибунадан түсіріп жібердік» деп жазады Сәбит.

Сол кезде Сәбит 21 жаста ғана. Оның замандастары бұған нанды.

Екінші жағдай - «Ахмет Байтұрсыновтың Орынборда елу жылдығы болды. Сонда Алашорда көсемінің мерейтойы болып жатыр деп, 5-6 жігітті ұйымдастырып, қалтамызға картошка салып барып, Сәдуақасовқа лақтырдық» деп жазыпты.

Шын мәнінде ол жиналысты басқарып, өткізген Сәкен Сейфуллин. Қазақ үкіметінің төрағасы. Баяндама жасаған Смағұл Сәдуақасов. Онда үлкен концерт өткен болатын. Ол концертте Затаевич фортепианода ойнап, басқарған. Мұның бәрі архивте бар.

Сәбиттің біз білмейтін жақтары көп. Мұхтар Әуезов ауылдың шалдарын сөйлетіп-ақ Абай туралы жазды. Ал Сәбит Мұқанов Шоқан туралы «Аққан жұлдыз» романын жазу үшін Мәскеудің түгел архивін аралап шыққан. Көптеген дерек жинап, оқып, еңбектенген.

Сәбит Мұқанов 1956 жылы Қытайға сапар шегіп, осы елдің тарихы, мәдениеті мен әдебиеті төңірегінде сөз қозғап, ондағы қазақтар туралы да қалам тербеген болатын. Сол үшін іссапарын бір айға создырып, ағайынмен емен-жарқын ашық әңгімелескен.

- Ел арасында Сәбит Мағжанды ұстап берді деген сөздер жиі айтылады. Бұл қаншалықты рас?

- Ия, Мағжанды ұстатуға Сәбит жазықты деген мәселе көп айтылып жүр. Омбыда жастарды мұғалімдікке дайындаған. Сол курстың жетекшісі Мағжан Жұмабаев болған. Ол Сәбит Мұқановты мұғалімдікке оқуға алып кеткен.

1924 жылы Мәскеуде Мағжанға сот болды. Мағжанның Ташкентте шыққан өлең жинақтары талқыға түсіп, жанжал шығады. Жартысы Мағжанды жақтап, жартысы қарсы шыққан. Сол талқылаудан кейін Мағжан елге хат жазып, қайтатынын айтады. «Сен келме, сені ешкім күтіп отырған жоқ», деп Сәбит Мұқанов өлең жазады.

Мағжан тек 1927 жылы ғана елге қайтып келеді. Сол өлеңнен бастап Сәбит Мағжанның артына түсіп алады. Мағжан Кеңес үкіметіне қарсы ашық ештеңе айтқан жоқ. Сәбит оның өлеңдерінің мағынасын ашқан. Әңгіменің басында айтып кеткенімдей, Сталинмен кездескенде де Сәбит Мұқанов Мағжанды жамандаған.

1960 жылы 8 шілдеде Мағжан ақталды. Алайда Сәбит Мұқанов «Мағжан рухани жағынан ақталған жоқ» деп сол кезде мақала жазды.

Сәбит Мұқанов қиын кезеңде қалыптасты. Егер ол Мағжанға қарсы шықпаса, керек кезде жағымпазданбаса, өзі де «халық жауы» болып шыға келер ме еді, қайтер еді...

- Әңгімеңізге рахмет, Зарқын аға!


Соңғы жаңалықтар