Сәбилердің қылығына еріксіз сүйсінесің - зағип массажист Әмина Әбиева

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат ­ Қызылорда облыстық балалар ауруханасында массажист қызметін атқаратын Әмина Әбиеваны әріптестері ерекше бағалайды. Қос жанары көрмейтін зағип жан өз ісінің шебері ретінде көпшілік арасында үлкен құрметке ие болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әмина 1985 жылы 20 қаңтарда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Облыс орталығындағы №43 мектептің табалдырығын 1991 жылы аттаған ол оны бітіргеннен кейін «Болашақ» университетін технолог-инженер мамандығы бойынша тәмамдады. Бала кезінен үй шаруасына икемді бойжеткен тігін тігіп, дәмі тіл үйіретін тәтті тағамдарды дайындағанды жаны қалайтын. Қолы қалт еткенде жан­дүниесін байытып, кітап оқығанды дұрыс көретін.

Қашанда алға ұмтыла білетін жігерлі мінезімен келешекке арман­мақсатын жоспарлайтын. Өзінің алған мамандығына сәйкес тігін саласында жемісті еңбек етіп, атақты дизайнер болуға талпыныс білдіріп жүретін.

Тағдырдың жазуымен қос жанары көрмейтін күйге түскенде де жігері мұқалған жоқ. Оған ешбір мойымады. Өзінің мүмкіндігіне қарай мамандық алуға көңіл бөлді. Осылайша Алматыдағы зағип жандарға арналған республикалық медициналық колледжге оқуға түсіп, массажист мамандығын алып шықты. Қызыл дипломға қол жеткізді.

Ғылымға сүйенсек, зағип жандардың сезу қабілеті жоғары болады. Әсіресе, саусақтарының сезімталдық қасиеті ерекше. Әмина сондай сезімтал қасиетінің арқасында көпшіліктің алғысына бөленіп жүр. Ол жасаған массаж талай нәрестенің дертіне дауа болды. Ол облыстық балалар ауруханасында 2018 жылдан бері қызмет атқарады.

«Өзім балажан адаммын. Сәбилер періште ғой, бал татыған қылығына еріксіз сүйсінесің. Келешекте өз кәсібімді ашсам деген ойым бар. Өзімнің баспанам болса деп армандаймын», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар