С.Кулагин көкшетаулықтарды сенбілікке, көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин Көкшетау қаласындағы бірқатар тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру және инженерлік желілерді қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.

Аймақ басшысы алдымен Абылайхан даңғылында орналасқан №30 тұрғын үйдің ауласын абаттандыру жұмысына көңіл бөлді. Қала әкімі Ермек Маржықпаевтың айтуынша биылғы жылы облыс орталығында онға жуық тұрғын үйдің ауласын абаттандыру жұмыстары қолға алынған. Оның ішінде Абылай хан даңғылындағы өткен жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген № 30 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылуда. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстарын «Инженер Дор Проект»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алып, 12 миллион теңгеге жөндеуде. Үйдің кіре берісінен бастап Абылай хан даңғылына дейін тротуарлар қалпына келтіріліп, бедертастар төселуде.

Аталған жұмыстардың барысымен танысқан аймақ басшысы соңғы 3 жыл қатарынан Көкшетау қаласында тұрғын үй аулаларын қалпына келтіріліп жатқанын атап өтті.

«Аулаларды жөндеу жұмыстары кезінде міндетті түрде тұрғындармен ақылдасып, пікірлеріне құлақ түру қажет. Тұрғындардың оған құқығы бар. Адамдардың аулада өздерін жайлы сезініп, таза ауада демалуы үшін ағаштарды көптеп отырғызу қажет. Келер жыл да қаланы абаттандыруға қаражат қарастырамыз.  Одан әрі тұрғын үй ауласы, газгольдерлер және лифті шаруашылығы мен бейнебақылау камерасын орнату жұмыстарына көңіл бөлетін боламыз», - дей келе облыс әкімі мердігерлерге жөндеу жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы орындауды тапсырды.

Осы күні Сәдуақасов көшесінің бойындағы аллея мен Әуелбеков көшесінің бойындағы №126 тұрғын үйдің ауласын абаттандыру, Қопа көлінің жағасымен өтетін Горький көшесінің бойында қалпына келтіріліп жатқан инженерлік желілерді жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Мұнда да облыс әкімі қала тұрғындарымен кездесіп, абаттандыру жұмыстарының сапасы туралы сұрап білді. Осы орайда, зейнеткер Әнуәрбек Жәкетов 30 жылдай жөндеу көрмеген үйінің ауласы абаттандырылып жатқанына тұрғындар атынан облыс және қала басшылығына алғысын білдірді.

Облыс әкімі қала басшылығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін үйлердің тұрғындарымен тығыз байланыста жұмыс істеуді тапсырды. Әсіресе, тұрғындарды сенбілікке,  көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысуға тартуды шақырды.

null null null 

null null null null 

Соңғы жаңалықтар