Рыбакина қазақстандық жас теннисшілерге көмегі туралы: Оларды биіктен көргім келеді

None
Видеодан алынған кадр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Индиан Уэллс мастерс турнирінің чемпионы атанғаннан кейін америкалық телеарнаға берген сұхбатында қазақстандық жас теннисшілерге жасаған көмегі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жуырда Индиан Уэллс турниріндегі үлкен жеңісіңізден кейін қазақстандық 14 жас теннисшіге көмек беру үшін қомақты қаржы бөлгеніңізді оқыдық. Мұндай әдемі қадамға не түрткі болды?» - деп сұрады тележүргізуші спортшыдан.

«Шын мәнісінде біз мұны әлдеқайда бұрын жоспарлап едік. Алайда үнемі сапарда жүретіндіктен сәті түсе қоймады. Өйткені сапарлар көп уақыт алады. Дегенмен өзім көмектескім келді, себебі үлкен табыстарға қол жеткіздім. Спорт жолымның алғашқы кезеңінде маған қолұшын созғандардың бәріне, соның ішінде федерацияға осылайша ризашылығымды білдіргім келді. Әрине, басқалар сияқты, бізде де қолдауды қажет ететін жас таланттар көп. Көп ұзамай оларды үлкен теннис корттарында көремін деп үміттенемін», - деп жауап берді Елена Рыбакина.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның қазақстандық жас теннисшілерге 2,5 млн теңгеден бергенін жазған болатынбыз.

Елена Рыбакина қатарынан үш матчта 10-нан астам эйс жасаған бірінші теннисші атанды.

Қазақстан жасөспірімдері әлем чемпионаты іріктеу кезеңінің ширек финалына шықты.


Соңғы жаңалықтар