Рүстем Жүгінісов «Жаңа толқын-2017» байқауында қандай ән орындайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жаңа толқын-2017» халықаралық байқауына Қазақстанның атынан қатысатын Рүстем Жүгінісовтың шырқайтын әндері белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек, «Жаңа толқынның» қазақстандық орындаушылар арасындағы іріктеу кезеңі наурыз айында өткен еді. Сәуір айында «Х-фактор» шоуы арқылы елге танылған Рүстем дәстүрге айналған ән байқауында Қазақстанның атынан өнер көрсететінін мәлімдеді.

«Іріктеу кезеңінен кейін дайындыққа белсене кірісіп кеттім. Репертуарыма отыздан астам түрлі әндерді таңдап, Мәскеуге жібердім. Олар байқау күндері орындайтын үш әнді бекітуі тиіс. Осылайша, байқаудың алғашқы күні әлемдік хит кезеңінде Duran Duran тобының «Notorious» әнін орындаймын. Екінші кезеңде өз елімнің хит әнін көрсетуім тиіс, ұйымдастырушылар қазақстандық NY-ZA тобының «Сүйем сені» әнін таңдапты. Бұл менің табиғатымды ашатын, ырғақты әрі күрделі ән. Үшінші күні өзімнің авторлық «Мәңгілік ел» әнімді ағылшын тілінде орындаймын, ән мәтінін ағылшын тіліне аударғанда тақырыбын «Freedom» (Азаттық) деп өзгертуді ұйғардық», - деп жауап берді Рүстем Жүгінісов ҚазАқпарат тілшісінің сұрағына.

Айта кетейік, «Жаңа толқын» халықаралық ән байқауы биыл 8-15 қыркүйек аралығында Ресейдің Сочи қаласында өтеді. Онда 9 мемлекеттен келген 14 өнерпаз сынға түседі.

Үш жыл бұрын балалар арасында өткізілген «Жаңа толқын-2014» халықаралық музыкалық байқауында Рүстемнің інісі Мұхаммедәлі Жүгінісов үшінші орын алған еді. 

Соңғы жаңалықтар