ФУТБОЛДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ-2022

Рустам Жүрсінов: Квазимемлекеттік компаниялар қарапайым кәсіпкерлерді қанап отыр

2022 жылғы 29 қыркүйек, 15:29
Рустам Жүрсінов: Квазимемлекеттік компаниялар қарапайым кәсіпкерлерді қанап отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов квазимемлекеттік компаниялар өзіне ұнамаған тапсырыс орындаушыларды қалай әуре-сарсаңға салатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Квазимемлекеттік компаниялармен жасалатын келісімдердің шарттары кәсіпкерлерді қанауға бағытталған. Мысалы, тапсырыс беруші жобаның орындылығына күмән келтіру желеуімен келісімшарттан біржақты негізді бас тарта алады. Ал, әуелгі уағдаға сенген жеткізуші инвестиция салып, шығын көреді. Ол шығынды квазимемлекеттік компания төлеуден бас тартады. Ал егер, жеткізуші кәсіпкер шарттан бас тартса, айыппұл салынып, шығындарды өтеуге міндеттейді. Онымен қоймай, жосықсыз жеткізушілердің қара тізіміне қосады», - деді уәкіл.

Оның айтуынша, квазимемлекеттік компаниялар ақшаның жоқтығын алға тартып, тиісті төлем жасамай қойған жағдайлар да бар.

«Сонда квазимемлекеттік компаниялар бюджетін жоспарсыз игере ме? Біздегі 7 мың квазимемлекеттік компания елдің жалпы ішкіөнімінің 50%-дан астамын алып отыр. Жеке бизнес олардың талаптарына бейімделуге мәжбүр.

Мен «Самұрық», «Бәйтерек» холдингтерінің еншіліс ұйымдарына, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларға және өзге де компанияларға қатысты айтып отырмын. Қазір өңірлерде прокуратура органдары түрлі мәселелерге талдау жүргізіп жатыр. Соған квазимемлекеттік сектордың кәсіпкерлерді қанауға бағытталған шарттары туралы мәселені де енгізуді ұсынамыз», - деді Рустам Жүрсінов.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar