Рустам Минниханов Қазақстан-Татарстан ынтымақтастығы туралы: Біз ұмтылатын биіктер бар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Татарстан президенті Рустам Минниханов ҚазАқпарат халықаралық ақпарат агенттігіне сұхбат берді. Республика басшысы сұхбатта Қазақстан-Татарстан ынтымақтастығы мен ТМД-дағы ислам экономикасының келешегі туралы әңгімеледі және «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы мен Қазақстандағы татар-башқұрт этномәдени бірлестіктерінің қызметіне баға берді.

- Рустам Нұрғалиұлы, сізді Қазақстанға жиі сапарлайтын қонақ деп білеміз және Қазақстан мен Татарстан арасындағы достық пен ынтымақтастық сөзбен ғана емес, іс жүзінде де нығайып келеді. Оның бір дәлелі - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазан қаласына сапары. Мұндай жылы ниетті қарым-қатынастың сыры неде?

- Бұл ынтымақтастық 1997 жылдың 25 тамызында бекітілген Татарстан мен Қазақстан Үкіметтері арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық қағидаттары туралы келісімге негізделеді. Ұзақ жылдар бойы Ресей-Қазақстан қарым-қатынасы аясында Қазақстан Татарстанның тұрақты экономикалық серіктесі болды. Мұны екі ел арасында жиі болатын жоғары деңгейдегі сапарлар айғақтайды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1996 жылдың сәуірінде, 2004 жылдың маусым-шілде айларында, 2005 жылдың тамызында және 2018 жылдың маусым айында Татарстан Республикасына келді. Өз кезегінде Татарстан делегациялары да Қазақстан аймақтарына жиі барады. Мәселен, 2017 жылдың 11-12 маусымында Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне Татарстан делегациясын бастап бардым. 2018 жылдың 3-5 шілдесінде біздің өкілдік делегация Астанадағы ислам экономикасы форумына және «Астана» Халықаралық қаржы орталығының ашылуына қатысты.

Мұндай кездесулер қос республикадағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың ынтымақтастығына серпін береді, соның нәтижесінде тауар айналымы да арта түседі. Мәселен, 2017 жылы Татарстан мен Қазақстан арасындағы сыртқы сауда айналымы өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артып, 702,9 млн АҚШ долларын құрады. Сонымен бірге біз өзара тауар айналымын арттыратын үлкен мүмкіндіктерді көріп отырмыз, демек әлі де біз ұмтылатын биіктер бар.

- Қазан қаласында Нұрсұлтан Назарбаев сізбен кездескенде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын және өзара сауда көлемін 1 миллиард долларға жеткізу қажеттігін атап өтті. Осы мақсаттарды жүзеге асыру қалай жоспарланып жатыр?

- Бүгінде Қазақстан Татарстан үшін сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың маңызды бағыты болып отыр. Біздің республикалар тіл, мәдениет, дін бойынша жақын. Татарстан - исламды қабылдаған солтүстіктегі нүкте, біз Ресейдегі ислам экономикасының болашақ хабы болып табыламыз және қазір басқа хабтармен серіктестік қарым-қатынас орнату маңызды, олардың бірі - әрине, Қазақстан.

Татарстан Республикасы - өнеркәсібі дамыған Ресейдегі жетекші өңірлердің бірі. Біз қазақстандық серіктестермен автокөлік, кеме жасау, тікұшақ жасау, мұнайгаз химиясы, жоғары технологиялар және өзге де салалардағы экономикалық және инвестициялық байланысты кеңейтуге мүдделіміз. Қазақстан - мұнайды өндіру үшін алдыңғы қатарлы технологияларды пайдаланатын ірі мұнайлы ел. Татарстан экономикасында да мұнай-газ және химия кешені маңызды рөл атқарады. Осылайша, ынтымақтастықты кеңейтуде бұл саланың келешегі мол.

Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық орнатқан татарстандық кәсіпорындар арасында «КамАЗ», «Татнефть», «ТАИФ», «Қазан тікұшақ зауыты»,  «А.М. Горький атындағы Зеленодольск зауыты», «KМПО» АҚ, «ЕлАЗ» АҚ, «КЭР-Холдинг» компаниялар тобы және «Татспиртпром» АҚ бар. 2018 жылдың І тоқсанында  тауар айналымының өсімі 60% құрап, шамамен 200 млн АҚШ долларын а жетті. Осындай тығыз ынтымақтастық арқылы, ортақ тапсырманы жүзеге асырамыз - жақын арада екіжақты сауда көлемін 1 млрд долларға жеткізе аламыз.

Татарстанның кәсіпорындары Еуразиялық экономикалық одақ аясында сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге және ортақ көліктік-логистикалық әлеуетті дамытуға қызығушылық білдіріп отыр.

Сонымен бірге, білім беру саласындағы қарым-қатынаста үлкен әлеует бар. Бүгінде республика бойынша шамамен 1200 қазақстандық студент оқып жатыр, оның 500-ге жуығы Қазан федералды университетінде оқиды. Қазақстандағы Назарбаев Университеті - халықаралық беделі бар жетекші университет және Қазан федералды университетінің жақын серіктесі. Қызметкерлерді даярлау және болашақ экономикалық белсенді халықты әзірлеу - біздің ынтымақтастығымыздың басты бағыты.

-  Сіз Астанадағы ислам экономикалық форумына спикер ретінде қатыстыңыз. ТМД елдеріндегі исламдық қаржыландырудың келешегі жөнінде не айтасыз? Бұл тұрғыда Қазан қалай жұмыс істейді және ислам экономикасында теориядан тәжірибеге өту мүмкін бе?

- Исламдық қаржы саласы жаһандық экономикада шешуші рөл атқарады. Әлем бойынша исламдық қаржыландыру нарығының көлемі 2,2 трлн долларға жетті, оның басым бөлігін исламдық банкинг (1,599 трлн доллар), сақтандыру, сукук және ислам қорлары құрайды.

Татарстан Республикасы - ислам банкингін енгізу бойынша пилоттық аймақ болып отыр. Біз шетелдік әріптестердің шетелдік инвестициялар тартуды ұйымдастыру мен пайдаланудағы тәжірибесін мұқият зерттеп жатырмыз. Осылайша, Татарстан Республикасының Инвестициялық даму агенттігі DIFC Дубай халықаралық қаржы орталығының үлгісінде құрылған Қазақстандағы жаңа қаржы аймағының жұмысын бақылауда.

Бүгінде Ислам даму банкінің Сбербанкпен және Татарстан Республикасының Үкіметімен Қазан қаласындағы Халықаралық исламдық қаржы орталығын құру туралы серіктестікке қатысуы туралы келісім орнатылды. Жақын арада ашылуы жоспарланып отыр. Серіктес банкинг бойынша Федералды жұмыс тобы шеңберінде ислам экономикасы мен халал индустрияны дамытудағы ынтымақтастық туралы 2018-2020 жылдарға арналған жол картасы әзірленуде.

Егер мұсылман емес мемлекеттер аумағындағы исламдық қаржы құралының өміршеңдігіне келсек, келешегі бар деп айтуға болады. Мәселен, Ұлыбритания мен оның астанасы Лондон - ислам экономикасының әлемдік орталықтарының бірі. Дегенмен, дәстүрлі жүйе мен дәстүрлі қағидаттар жаңа механизмдерді бейімдеуге және дәстүрлі банк жүйесі мен ислам жүйесі кеңістігі сақталуы үшін өзгеруге қаншалықты дайын, мәселе осында.

- «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлемдік нарықта жұмыс істеу дайындығына қандай баға берер едіңіз? АХҚО аясында Татарстан мен Қазақстанмен ынтымақтастығы қалай жүзеге аспақ?

- «ЭКСПО» аумағында АХҚО құрылуы - Қазақстан дамуындағы маңызды шешім, Астананы әлемдік қаржы орталығы ретінде қалыптастыру жолдарының бірі. Бұл Қазақстан үшін қаржылық капиталға қол жеткізудің ең үздік тәжірибесі, сондай-ақ қаржылық технологияларды апробациялау мен енгізуге арналған бірегей орта. Сөзсіз, мұндай орталықтарды ашуды кейінгі экономикалық өсімнің қозғаушы күші деп айтуға болады, өйткені қазіргі заманда қаржы жүйесі экономиканың тұрақты жұмыс істеуінде маңызды рөл атқарады.

Алғашында АХҚО бірнеше маңызды келісімдерді жасады, мысалы, Жібек Жолы Қорымен «Бір белдеу - бір жол» бастамасын дамытуға 2 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуға уағдаласты. Астанада 11 резидент, оның ішінде шетелдік қаржылық ұйымдар өз жұмысын бастап кетті. Бұл АХҚО-ға деген шетел инвесторларының тікелей қызығушылығын дәлелдейді.

Қаржы орталығы аясында қазақстандық әріптестерімізбен исламдық банкинг саласындағы өзара ынтымақтастықты дамытқымыз келеді. «Астана» қаржылық форумы аясында Татарстан Республикасы Инвестициялық даму агенттігі АХҚО-мен өзара әрекеттестік туралы меморандумға қол қойды. Бұл бізге исламдық қаржыландыруды іс жүзінде меңгеруге мүмкіндік береді және Ислам экономикасы орталығын құру жұмысына үлкен көмегін тигізеді.

- Сіз Қазақстанға келген әрбір сапарыңызда мұндағы татар-башқұрт этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесуге тырысасыз. Олардың қызметі туралы не айтасыз?

- Қазіргі уақытта татарлардың ең үлкен диаспораларының бірі - 200 мыңнан астам татар Қазақстанда тұрып жатыр. Әрине, татарлар өздерінің бірлігімен ерекшеленеді, олар ана тілін, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін сақтап қалуға бағытталған көптеген этномәдени жобаларды жүзеге асырып жатыр. Орал қаласындағы Ғабдолла Тоқай орталығы мен музейі құрылды. Семейде «Ертіс моннары» атты татар әндерінің жыл сайынғы фестивалі өтеді, татар өнер мектептері жұмыс істейді. Одан бөлек, Қазақстанда әуесқой татар ансамбльдері мен театр ұжымдары жұмыс істейтінін, мерзімді басылымдар шығарылатынын білемін. Петропавл, Алматы, Павлодар, Өскемен, Астана қалаларында татар жексенбілік мектептерінің қызметі де назар аударуға тұрарлық.

Татарстан аумағынан тыс елдерде тұратын татарлар республикада болып жатқан барлық оқиғаларға - біздің жетістіктерімізге, мәдени мұра нысандарына, ана тілімізді сақтауға қатысты мәселелерге қызығушылық танытады. Көптеген ата-аналар балаларын Татарстандағы тіл үйрететін жазғы лагерьлерге жібереді.

Мұндай ауқымды жұмысты ұйымдастыруда «Қазақстандағы татар-башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Тауфик Акрамұлы Кәрімов үлкен еңбек атқарады. Сонымен бірге, Т. Кәрімов - әлемдік татарлар конгресінде Ұлттық кеңес (Милли шура) төрағасының орынбасары. Оның жетекшілігімен жергілікті билік органдарымен және азаматтық қоғам институттарымен жүргізіліп жатқан өзара жұмыстар біз үшін өте маңызды.

- Нұрсұлтан Назарбаев Қазанды Астанамен салыстырып,  Ресейдің үздік қалаларының бірі деп атады. Астананың 20 жылдығын мерекелеу кезінде Астана мен тұтас Қазақстанға не тілер едіңіз?

- Татарстан халқының атынан және өз атымнан Қазақстан астанасының 20 жылдығына арналған ең ыстық құттықтауларды қабыл алыңыздар. Астана нағыз мегаполиске лайық, елдің саяси және іскерлік орталығы болып отыр. Аз ғана уақытта экономикалық, ғылыми және мәдени дамудың флагманы, талантты және белсенді адамдарды тарту орнына айналды. Астананың қарқынды дамып келе жатқанына мақтанышпен  қараймыз және Астанаға одан әрі өркендеу мен гүлденуді тілейміз. Қаланың барлық тұрғындарына денсаулық, бақыт, оптимизм, энергия және жаңа жетістіктер тілейміз. Қазақстан мен Татарстан арасындағы достық пен тату көршілікке негізделген қарым-қатынастар нығая түседі деп үміттенеміз.

Соңғы жаңалықтар