Руслан Жиенбаев: Полицияға керегі – адамгершілік, төзім, сауаттылық

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету. Бұл - Зеренді аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторының күзет-полицейі, полиция старшинасы Руслан Жиенбаевтың өмірлік ұстанымы, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол еңбекке деген құлшынысы мен табандылығының арқасында құқық қорғау органдары саласында биік белестерге жетті.

Өз қызметіне адал жанның жеткен жетістігі мен алған асуы өзімен иық тірестіріп жүрген әріптес іні-қарындастарына үлгі болардай. 15 жылдан астам бір салада тапжылмастан істеген еңбегінің арқасында ол құқық қорғау органдары саласында мол тәжірибе жинақтаған. Сол себепті, ұжымда да сыйлы. Иық тірестіріп бірге қызмет істеп жүрген әріптестері мен құрбылары Руслан Жинебаевты білікті маман әрі өз ісіне адал қызметкер санайды.

Зеренді ауданының Көктерек ауылында дүниеге келген ол бала кезінен полиция болуды армандаған. 2005 жылы әскери борышын өтеп келген соң құқық қорғау органдарына қызметке қабылданыпты.

«Бұл қызметке ең басты керегі – адамгершілік, төзім, сауаттылық. Сондай-ақ бұл қызмет аадамды шыдамдылыққа үйретеді. Жауапты жұмыс болғандықтан, басшылардың берген тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға тырысамын. Мен үшін бұл үлкен жауапкершілік», - дейді Руслан Жиенбаев.

Бүгінде Руслан пандемия кезінде өңірде коронавирус инфекциясымен күреске өз үлесін қосып жүр. Еліміз бойынша жарияланған төтенше жағдай кезінде «Зеренді-Көктерек» автожолының №3 блокпостында күшейтілген режимде кезекшілік атқарды. Кенжесі осы төтенше жағдай кезінде дүниеге келіпті.

«Сондай бір кезекшілік кезінде маған танысым қоңырау шалып, қосағым Әселдің ұл баланы дүниеге әкелгенін айтты. Бұл хабарға қатты қуандым, бірақ, күшейтілген режимде жұмыс істеп жүргендіктен әйелім мен ұлымды көруге бара алмадым», – дейді Руслан.

Бұл ерлі-зайыптының 10 және 13 жастағы қыздарынан кейінгі көптен күткен ұлы. Мамырдың 5-де туған ұлының есімін алаңсыз өмір сүрсін деп Алан қойған. Аға буынның тәжірибесіне жүгініп, олардың ақыл-кеңестеріне құлақ асатын Руслан Жиенбаев қызметіне ғана адал емес, шаңырағын биік, керегесін мықты ұстап отырған отағасы. Құдай қосқан қосағы Әсел екеуі осы күні қызы екі қыз, бір ұлды тәрбиелеп отыр.


Соңғы жаңалықтар