Руслан Дәленов: Моноқалалар мен ауылдарды дамытуды жалғастырамыз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Мемлекет басшысының өңірлерді дамытуға қатысты берген тапсырмасын жүзеге асыру жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елдің өңірлік саясаты өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және тұрғылықты жеріне қарамастан халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту мемлекеттік бағдарламасы, «Дипломмен ауылға» жобасы жүзеге асырылып, «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы әзірленіп жатыр. 2018 жылдан жергілікті өзін өзі басқарудың дербес бюджеті 1 062 аудандық маңызы бар қала мен халқы 2 мыңнан асатын ауылдық округте енгізілді. 2020 жылдың 1 қаңтарынан қалған 1 334 ауылдық округте 4 деңгейлі бюджет енгізу жоспарланып отыр», - деді Руслан Дәленов.

Оның айтуынша, жергілікті өзін өзі басқарудың дербес бюджетінің басты ерекшелігі жергілікті мәселелерді шешуге 7,6 млн азамат тікелей қатыса алады.

«Ағымдағы жылы министрлік өңірлік даму бойынша бірқатар стратегиялық және бағдарламалық құжат әзірледі. Елімізді аумақтық-кеңістіктік дамытудың 2030 жылға дейінгі жаңа болжамдық схемасы жасалады. Болжамдық схема өңірлерді дамыту стратегиясын айқындайды. Оның аясында өңірлерді дамытудың 2030 жылға дейінгі демографиялық болжамы әзірленеді», - деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар, министр өңірлердегі өмір сүру сапасын қамтамасыз етудің өңірлік стандарттары енгізілетіндігін атап өтті.

«Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейіннгі жаңа мемлекеттік бағдарламасы әзірленетін болады. Ол қалалық аудандарда, моно және шағын қалаларды, тірек ауылдарда инфрақұрылымдарды дамыту арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталады. Бұған қатар келешегі бар моно және шағын қалаларды, ауылдарды, әсіресе тірек ауылдар мен шекара маңындағы елді мекендерді дамыту бойынша шаралар жалғасын табады», - деді ол.

Министр өңірлерді абаттандыру, халықты ауыз сумен және су тарту қызметімен тиімді және үнемді қамтамасыз ету міндеті шешіліп, жалпы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ахуалы жақсартылатындығын баса айтты.

«Өңірлерді 2025 жылға дейінгі дамытудың мемлекеттік бағдарламасының қортындысында орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қол жеткізу артады. 4385 шақырым сумен жабдықтау және 616 шақырым су тарту желісін салк жоспарланған. Ағымдағы жылы аумақтарды дамыту бағдарламасының форматы өзгертіліп, жеңілдетіледі. Ірі қалаларды дамытудың 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімдік стратегиясы мен Шымкент және Семей қалаларын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары әзірленеді», - деді Руслан Дәленов.

Сонымен қатар, ол «Ауыл - Ел бесігі» жобасы бойынша келешегі зор ауылдарда әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылым нысандарын жөндеу, салу және қайта құру мақсатты түрде орындалатындығын атап өтті.

Еске сала кетейік, 12 маусымда өткен ұлықтау рәсімі барысында Қасым-Жомарт Тоқаев он маңызды бағытын жариялаған болатын.

Соңғы жаңалықтар