Руслан Дәленов: Экономикалық үрдістердің позитивті жаққа өзгеруі байқалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Экономикалық үрдістердің позитивті жаққа өзгеруі байқалады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылғы 9 айдың қорытындылары бойынша елдің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері келесідей. Қыркүйек айында экономикалық үрдістердің позитивті жаққа өзгеруі байқалды. Қызметтер саласында жұмыс қайта белсенді бола бастады. Нақты секторда өсу сақталуда. Қыркүйекте өсу көрсеткен салалар саны артып, экономика жандана бастады. Нәтижесінде, жедел деректер бойынша, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 8 айдағы минус 3 пайыздан 9 айда минус 2,8 пайызға дейін жақсарды. Жылдық инфляция 7,0 пайыз деңгейінде сақталды. Нақты секторда өсу 2,2 пайызға дейін жеделдеді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, нақты сектор салаларының көбінде және жекелеген қызмет түрлерінде өсу байқалуда. Олар: құрылыс, ақпарат және байланыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі. Төмендеу көлік, сауда, әкімшілік қызмет көрсету, жылжымайтын мүлікпен операциялар, тұру мен тамақтану салаларында байқалды.

«Бұл тоғыз айдың көрсеткіштері. Егер қыркүйек айын жеке қарастырсақ, онда қызмет көрсету салаларының көбі өсудің қалпына келе бастағанын көрсетіп отыр. Өсу факторлары – экспорт, өндіріс, өндіруші емес секторларға тартылған инвестициялар болып саналады. Бұл ретте, экспорт 8 айда 31,9 млрд долларды құрап, төлем теңгерімінің оң сальдосын 8,1 млрд доллар деңгейінде қамтамасыз етті. Дайын және өңделген өнімдердің экспорты ұлғайды. Осы жылғы қаңтар-тамызда автомобильдердің экспорты 5,7 есе, ферросилиций – 5,4 есе, күнбағыс майы – 86 пайыз, темірден жасалған созба сым – 33, титан құймалары – 9,5 пайыз өсті», - деді ол.

Министр дерегінше, 9 айда өңдеу өнеркәсібінде өсу жалғасты. Атап айтқанда, автомобиль жасау – 51,6, фармацевтика – 39,8, дайын металл бұйымдары – 18,9, қағаз өнімдері – 15,1 және жеңіл өнеркәсіп – 14,1 пайызға өсті.


Соңғы жаңалықтар