Руслан Дәленов ауылда қай саланың мамандары тапшы екенін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бюджеттің IV деңгейі енгізілген 1055 ауылдық округте қай саланың мамандары тапшы екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кадрлық қамтамасыз ету жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін енгізу үшін өте маңызды болып саналады. Бюджеті бар 1055 ауылдық округтің штат саны 8 173 бірлікті құрайды. Оның ішінде тек 5,6 пайызы бос орын болып отыр (460 бірлік).

Бұл ретте ауылдық округтердің үштен бір бөлігі (31%) заңгерлерге, ал 4%-ы бухгалтерлерге мұқтаж. Жалпы, ауылдық округтер үшін бекітілген лимит шегінде кадрлармен қамтамасыз ету жаман емес. Сонымен қатар, бюджеттің енгізілуін ескере отырып, ауылдық округтер кадрлардың жетіспеушілігі бар», - деді ведомство басшысы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.

Оның сөзіне қарағанда, орта есеппен ауылдық әкімдер аппараттарының штат саны 5-тен 20-ға дейін бірлікті құрайды.

«Қазіргі уақытта олардың санын арттыру үшін халықтың жүктемесі мен санын ескере отырып, өңірлердің ішінде штат бірліктерін қайта бөлу жолымен облыс әкімдерімен жұмыс жүргізілуде», - деп түсіндірді Руслан Дәленов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттің IV деңгейі халық саны 2 мыңнан асатын 1055 ауылдық округте енгізілді.

Бұл қазіргі барлық ауылдық округтердің 44 пайызын құрайды. 2020 жылдан бастап қалған 1 338 ауылдық округте енгізілетін болады.

ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов ауылдық округтердің өз кірістерін өсіруге әсер еткен үш факторды атады.
Соңғы жаңалықтар