Руслан Дәленов 5G желісі туралы: Хирургтер операцияны қашықтықтан жасайтын болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов елімізде «бесінші буын» байланыс желісін (5G) енгізу жобасы туралы түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік инвестициялық банк арасындағы Солтүстік инвестициялық банктің Қазақстандағы қызметін реттейтін негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдаған еді. Осы орайда жалпы отырыс барысында депутаттар Солтүстік инсвестициялық банктің қаржыландыру талаптарына сай келетін нақты инвестициялық жобалар туралы сұрады.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бүгінде инвестициялық жобалар пулы құрылғанын атап өтті. «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының мәліметтеріне сүйенсек, жобалар тізбесі жинақталды. Жалпы, жобалар пулы 1 млрд еуродан астам қаржыны құрады. Ал нақты жобалар келіссөздер барысында айқындалады, яғни келіссөздер кезінде ставкалар мен жеңілдікті кезең, қазақстандық қамту үшін басымдықтар және өзге де талаптар белгілі болады.

«Қазір пысықталып жатқан жобалар арасында 5G желісін енгізу қамтылған. Инвестор Финляндиядан, яғни «Nokia» компаниясы тарапынан болады. Бұл ретте 500 млн долларға жуық қаржы ескерілген. 5G желісі жасанды интеллектің маңызды элементі. Осы орайда хирургтер операцияны жылдамдығы жоғары интернет арқылы қашықтықтан жасай алады», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан 5G желісін енгізуде әлем елдерінің ондығына кіреді деп күтілуде.

Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте 5G желісі бойынша қанатқақты жоба қолға алынды.



Соңғы жаңалықтар