Румынияда Қазақстанның мәдени күндері басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Румынияның Клуж-Напока қаласында Қазақстанның мәдени күндерінің ашылу салтанаты өтті. Бұл жайында Қазақстанның Румыниядағы Елшілігінің Facebook парақшасында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тамыздың 21-23 күндері өтетін мәдени күндердің ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Елшісі Нұрбах Рүстемов еліміздің тарихы мен дәстүрі, әсіресе қазақтың ұлы ақыны Абай сынды танымал тұлғалары жайында кеңінен әңгімелеп берді.


«Мәдени күндерді ұйымдастыру румын жұртшылығына еліміздің мәдениеті, дәстүрі мен бай тарихы жайында көбірек білуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Абай шығармалары екі халықтың маңызды байланысына айнала алады», - деп атап өтті Елші.


Мәдени күндер аясында Румынияда тұрып жатқан қазақтың танымал жас суретшісі Алуа Тебенованың көрмесі ашылды. Мұнан бөлек, румын жұртшылығы қазақ халқының бастан кешірген тарихи оқиғалары жайында сыр шертетін «Қазақ хандығы. Алтық тақ», «Шыңырау» және «Құнанбай» фильмдерін тамашалайды.

Мәдени бағдарламаның маңызды элементі 23 амызда өтетін шоу болмақ. Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған шоу барысында румын камералық оркестрі қазақтың ұлы ақының танымал шығармаларын орындайды.


Соңғы жаңалықтар