Румыния қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша Ресеймен әріптестік жүргізуге дайын - Президент Траян Басеску

None
None
АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Румынияда орналастырылатын АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғаныс элементі жүйесі тек қорғанысқа негізделіп отыр.

Бұл туралы бүгін Астанадағы ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында жасаған дәрістен кейін қатысушылардың сұрақтарына жауап беру кезінде Румыния Президенті Траян Басеску мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дәріске қатысушылардың: «Румыния АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғаныс элементі жүйесін өз аумағында орналастыруға келісім берді ме?» деген сауалына Президент, «Зымыранға қарсы жүйенің бөлігі Румыния аумағында орналасуы мақұлданды. Қазіргі кезде осындай элементтерді, яғни аталған 24 зымыранның орналастырылуы күтілуде. Бұл элементтердің мақсаты - біздің ұлттық аумақтың қорғаныс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, шабуылдан қорғануға негізделген»,-деді Т. Басеску.

Осы орайда Президент бұл шабуыл жасайтын зымарандар емес екенін атап өтті.

«Бұлар тек қорғанысқа арналған. Себебі, осы зымырандардың оқ тұмсықтары жоқ. Оларды тек Румыния аумағына бағытталған зымырандарға қарсы қолдануға болады»,-деді Т. Басеску.

«Біз АҚШ-тағы әріптестерімізбен бұл зымырандар ешқашан Ресей Федерациясына бағытталмайтынын келістік. Бұны мен сенімді түрде айта аламын. Біз Ресей аумағынан Румынияға шабуыл жасалады деп ешқашан ойлаған емеспіз»,-деді ол.

«Бұл бағдарламада Румыния қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша Ресеймен әріптестік жүргізуге дайын», деп атап өтті Румыния басшысы.

Соңғы жаңалықтар