Рұқсатсыз құрылыс жүргізуге қатысты 18 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Соңғы уақытта көп қабатты үйлер мен әлеуметтік объектілерді рұқсатсыз салу жағдайлары жиілеп кетті. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев телеграм каналында жазды.

Оның айтуынша аталған кемшілік мемлекеттің және жалпы ел тұрғындарының ортақ мәселесі.

«Сондықтан біз жергілікті атқарушы органдардың сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы жұмыстарын тұрақты негізде өз бақылауымызда ұстаймыз. Осылайша жыл басынан құрылыс нысандарында жалпы сомасы 169 млн теңгеден астам 615 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

Мәселен, Алматы қаласында тұрғын үй кешендерінің бірінде құрылыс жұмыстары заңсыз жүргізілген. Рұқсат беретін құжаттарды учаскенің меншік иесі де, құрылыс салушы да ұсынбаған. Құрылыс салушы пәтерлерді сатып алу-сату шарттарын жасасуға құқығы болмағанына қарамастан, аталған тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер еркін саудаланған. Тіпті, құрылыс салушының үлескерлерден ақша тартуына рұқсат берілмеген.

Осылайша, биыл 28 наурызда Алматы қала құрылысын бақылау басқармасы кейбір ғимараттарда құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтата тұру және анықталған кемшіліктерді түзету туралы ұсыныс берді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары тоқтатылып, «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заң нормаларын бұзғаны үшін құрылыс салушыға қатысты хаттама толтырылды», - деп жазды Қайырбек Өскенбаев.

Оның айтуынша қаңтар-наурыз айларында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жауапты комитеті 32 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 26 нұсқама берілген. Сондай-ақ 18 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Рұқсатсыз құрылыс салу мәселесінің өзектілігін ескере отырып, мемлекеттік бақылау және объектілерді пайдалануға қабылдау жүйесін толығымен қайта қарайтын боламыз. Бұл ретте бақылау механизмін күшейтуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде, объектінің пайдалануға беру бойынша дайындығын растау үшін нысандарды қабылдау барысында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының міндетті қатысуы қамтамасыз етілетін болады», - деп толықтырды ол.

Еске салсақ, бұған дейін Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан мен Алматы әкімдеріне тұрғын үй кешендері жанынан биік үйлерді тығыз салуды тоқтатуды тапсырған еді.



Соңғы жаңалықтар