Рұқсат етілмеген жерге қоқыс төккен маңғыстаулық жүргізуші жазаланды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Рұқсат етілмеген жерге қоқыс төккен жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды,-деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Маңғыстау облыстық Экология департаментінің мамандары уәкілетті органдардың өкілдерімен бірлескен рейд шарасы барысында тұрмыстық қалдықтарды рұқсат етілмеген жерге төккен жүргізушіні ұстап, оған жаза қолданды.

Атап айтқанда «Абаттандыру ережелерін бұзу бойынша»ҚР ӘҚБК 505-бабы 1-тармақшасына сай әкімшілік жауапқа тартылды.

«Салынған айыппұл көлемі аз емес. Бұдан былай қалдықтарды қаладағы күл-қоқыс тастайтын арнайы орынға апарып төгу қажеттігі айтылды. Өңірдің тазалығын қатаң бақылап, күл-қоқыстардың орынсыз шашылып-төгілуіне жол бермеу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде»,-деп хабарлады облыстық экология департаментінен.

Айта кетейік, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі еліміздегі қоқыстармен жүйелі жұмыс жүргізуді бастаған болатын. Оған сәйкес, министрлік пен оның аймақтағы өкілдіктері елдің аймағындағы заңсыз қоқыс орындарын анықтау және оларды жою мақсатында рейд шараларын жүргізеді.

Министрліктің мәліметінше, арнайы жүргізілген ғарыш мониторингінің мәліметтері негізінде Қазақстанда 7 мыңнан астам қоқыс орындары бар екені анықталған.

Министрлік сонымен қатар стихиялы қоқыстармен күрес мақсатында арнайы жедел желіні іске қосты.


Соңғы жаңалықтар