Рұқсат етілмеген жерде шомылған алматылықтарға айыппұл салына бастады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Шомылу маусымы басталғанына қарамастан, карантин аяқталғанға дейін суда шомылатын жаппай демалу орындарына баруға рұқсат етілмейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Алайда, қаланың жабдықталмаған су қоймаларында суға шомылу фактілері бар. Патруль кезінде екі алматылық тыйым салынған жерде суға шомылғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жазғы демалысқа шыққан алматылық оқушылар жаппай су тоғандарына барып, көшелерге шығады. Осыған байланысты су қоймаларының жағалауын нығайту үшін мектеп қызметкерлері, аудан әкімдіктері және Ұлттық ұлан қызметкерлері құтқарушылар мен полиция патруліне қосылды.

Естеріңізге сала кетейік, қала шегінде 26 су қоймасы бар. Оның 4-інде шомылуға рұқсат етілген. Олар:

- Сайран өзенінің батыс бөлігі (Төле би көшесінен оңтүстік бағытқа қарай пирсқа дейін 300 метр)

- Сайран өзенінің шығыс бөлігі (Төле би көшесінен оңтүстік бағытқа қарай 200 метр)

- Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы бойындағы «Баум» тоғайының шомылу аймағы

- Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы бойындағы «Гүлдер» демалыс орны.

Қала аумағында орналасқан басқа су қоймалары мен тау өзендеріне (Есентай, Кіші және Үлкен Алматы каналына) шомылуға тыйым салынады.

Қазіргі уақытта Сайран көлінің жартылай толтырылғанына қарамастан құтқару бекеті жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, Түрксіб ауданындағы Әуежай өзенінде республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары кезекшілік етіп жүр.

Сонымен бірге, Әуежай өзенінде жаңа құтқару стансасын салу мәселесі қаралып, қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар